Сарапшылар көктемгі су тасқыны болжамын талқылады

Бүгін, 17:09
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Сарапшылар көктемгі су тасқыны болжамын талқылады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі 2026 жылғы көктемгі су тасқынына болжам жасау және келісу мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара Төтенше жағдайлар министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында болды.

Кеңеске Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов, Төтенше жағдайлар вице-министрі Батырбек Әбдішев, «Қазгидромет» РМК, «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы, сондай-ақ БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы сарапшылары қатысты.

Жиын барысында қатысушылар су тасқынын болжау әдістерін талқылап, тасқын жағдайын бағалауда қолданылатын құралдардың жұмысын таныстырды. Олардың қатарында «Тасқын» ақпараттық жүйесі, TALSIM-NG гидрологиялық моделі және мониторинг деректерін статистикалық талдауға негізделген «Қазгидромет» болжамдары бар.

Сондай-ақ, облыстар мен өзен бассейндері бойынша көктемгі су тасқыны кезіндегі су көлемі болжамдары, жауын-шашын мен топырақ ылғалдылығы туралы деректер және шекаралас мемлекеттерден алынған болжамды ақпарат қаралды.

«Мемлекеттік органдар арасындағы тығыз өзара іс-қимыл және әртүрлі құралдарды кешенді пайдалану су тасқынына барынша дәл болжам жасауға мүмкіндік береді. Әртүрлі әдістер арқылы алынған деректерді салыстыру арқылы біз болжамның нақтылығын арттыруға тырысамыз. Бұл көктемгі су тасқынын қауіпсіз өткізу және мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру үшін аса маңызды», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.

Бұған дейін биыл еліміздегі 86 суару каналын цифрландыру басталатынын жаздық.