Риддерде Мәңгілік алауға ет пісірген адам қамаққа алынды
Оның жеке басын анықтау үшін полицейлер жақын маңдағы аудандарды тексеріп, бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеп, куәгерлерден жауап алды. Жедел іздестіру іс-шаралары кешенінің нәтижесінде 31 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Бұл туралы Риддер қаласы Полиция бөлімшесі мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Тәртіп бұзушы «Ғимараттарды, өзге де құрылысжайларды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау» бабы бойынша жауапқа тартылды. Сот шешімімен ол бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті азаматтардың назарын заңды қатаң сақтау қажеттігіне аударады. Тарихи ескерткіштер мен ерекше қоғамдық маңызы бар объектілерді қорлау әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Полиция кез келген құқық бұзушылық әрекеттердің жолы кесіліп, кінәлілер белгіленген тәртіпте жауапқа тартылатынын еске салады.