Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға 5 685 ауыл ауыз суға қол жеткізді

Бүгін, 17:03
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға 5 685 ауыл ауыз суға қол жеткізді
Фото: primeminister.kz

Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға республикалық бюджеттен 242 млрд теңге бағытталды, бұл еліміздің 5 685 ауылын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Мемлекет басшысының халықты 100% таза ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Үкіметтің жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталған жұмыс «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілуде. Қалаларда да сумен қамтамасыз ету деңгейі артып келеді, қазірдің өзінде 90 қаланың 73-і орталықтандырылған сумен жабдықталған.

«Қалған 17 қала мен 463 ауыл жыл соңына дейін жоспар бойынша сумен жабдықтау жүйесіне қосылады. Сондай-ақ біз желілердің тозу деңгейін төмендету бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз, жалпы 8 мың шақырым коммуникацияны жаңғырту көзделген», - деп атап өтті спикер.

Бұған дейін Жамбыл облысының ауылдарын сумен жабдықтауға 15 млрд теңге бөлінгенін жазған болатынбыз.