Қысқы Олимпиадаға спортшыны даярлау үшін қандай мемлекеттік қолдау қарастырылған
Туризм жəне спорт министрлігі қысқы Олимпиада спортына отандық спортшыларды даярлау үшін қандай мемлекеттік қолдау көрсетілетінін жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спортшының жоғары деңгейде дайындалуына бірнеше мемлекеттік органды қамтитын кешенді жұмыс жоспары әзірленген.
«Қаржыландыру ел ішінде және шетелде оқу-жаттығу жиынын өткізуге, халықаралық жарысқа қатысуға, спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбекақысын төлеуге, медициналық және ғылыми сүйемелдеуге, спорт киімімен қамтамасыз етуге, жарыс бағдарламасын әзірлеуге, психологиялық дайындыққа және жаттығу үдерісін ұйымдастыруға бағытталады», делінген хабарламада.
Министрлік мемлекеттік қолдаудың нақты мысалы ретінде отандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың даярлығын атап өтті.
«Мәселен, 2025 жылы 263,3 млн теңге спортшы мен оның командасының дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған. Оның ішінде 19 оқу-жаттығу жиынына (8-і Қазақстанда, 11-і шетелде) 47 млн теңге, ал 5 халықаралық жарысқа қатысуға 16 млн теңге бөлінді.
2025 жылы спортшының жалпы еңбекақысы (Спортты дамыту дирекциясы, федерация және әкімдік арқылы) 33,9 млн теңге болды.
Спортшының жеке бапкері Алексей Урмановтың 2025 жылғы еңбекақысы (дирекция және федерация арқылы) 26 млн теңге. Хореограф И.Регинаның 2025 жылғы еңбекақысы 23 млн теңге», делінген хабарламада.
Бұған қосымша жарыс бағдарламасын қою, екі костюм тіктіру және шығармалардың авторлық құқығын сатып алу шығыны да қаржыландырылды. Спортшы әлем чемпионаты мен Азия ойынындағы жоғары нәтижесі үшін 6,6 млн біржолғы сыйақы алса, жаттықтырушылар штабына қосымша 1,5 млн теңге төленген.
Қазір елімізде қысқы Олимпиада спортының 13 түрі дамытылып жатыр. 2026 жылғы қысқы Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасы 10 спор түрінен өнер көрсетті. Дайындық сапасын арттыру мақсатында әлемдік деңгейдегі 13 шетелдік маман тартылып, заманауи әдістемелер енгізілді, нәтижесінде отандық спортшылардың дайынды деңгейі едәуір артты.
Еске салсақ, бүгін Милан және Кортина-д'Ампеццодағы қысқы Олимпиадада Қазақстан спортшылары үш спорт түрінен жарыс жолына шығады.