Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде реставрациялық жұмыстар жалғасуда
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезіне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Жұмыстарды «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары кешенді зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып жүргізуде. Зерттеу барысында күмбездің сыртқы қабатының беріктігі әлсіреп, жарылған тұстарының көбейгені анықталған.
«Жұмыстар сыртқы қабаттың одан әрі бүлінуі мен оның жекелеген бөліктерінің құлау қаупінің алдын алуға бағытталған. Бұл қабат кесененің түпнұсқа құрылымына кірмейді. Ал күмбездің тарихи конструкциясы бүгінге дейін бастапқы қалпында сақталған. Күмбездің қабаты оны жауын-шашыннан, желден, күн сәулесінен және өзге де сыртқы факторлардан қорғайды», - делінген хабарламада.
Алдағы уақытта шешімдер ғылыми зерттеу нәтижелері мен тарихи құрылымға барынша аз араласуды көздейтін қағидатқа сәйкес қабылданады.
Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Қазақстаннан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген алғашқы ескерткіш. Ғылыми-реставрациялық жұмыстар мәдени мұраны сақтау жөніндегі халықаралық талаптарға сәйкес және Мәдениет және ақпарат министрлігінің бақылауымен жүргізіліп келеді.
Еске салсақ, Түркістандағы көне қалашықтың қорғанына реставрация жұмысы жүргізіліп жатқанын жаздық.