Түркістандағы көне қалашықтың қорғанына реставрация жұмысы жүргізіліп жатыр
«Қазқайтажаңарту» РМК мамандары Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында орналасқан көне қалашықтың қорғанына ғылыми-реставрациялық жұмысты жүргізіп жатыр. Қабырғаны қалпына келтіру туралы шешім мониторинг нәтижесінде қабылданды. Бақылау барысында жыл сайын оның 10-15 сантиметрге ығысатыны анықталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Жоспарға сәйкес, шығыс қақпадан бастап 32 метр аумақ қалпына келтіріледі. Ал апатты жағдайда тұрған қабырға бөлігінің жалпы ұзындығы – 40 метр.
Қорған қабырғасы 2000 жылдары археологиялық зерттеулерге сәйкес қайта қалпына келтірілген. Бұл жолғы ғылыми-реставрациялық жұмыс кезінде іргетасы нығайтылып, апатты бөліктен алынған жарамды материалдар сақталып, солардың көмегімен қабырғаның бүлінген бөлігі қайта қаланады.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар қабырғаның одан әрі бүлінуіне жол бермей, цитадельдің солтүстік-шығыс бөлігінің тарихи келбетін сақтауға мүмкіндік береді. Ғылыми реставрацияны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.