Қазақстан мен Қытай арасында трансшекаралық өзендердегі суды бөлу келіссөздері жүргізіліп жатыр
Қазіргі уақытта трансшекаралық өзендерде суды бөлу бойынша Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтері арасындағы Келісім жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ОКҚ алаңында мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бүгінге дейін жұмыс тобының 15 отырысы өтті. Айта кету керек, суды бөлу жөніндегі келіссөздерді Қытай тарапы қазіргі таңда тек біздің елмен жүргізуде. Біз су мәселелері бойынша екі ел арасындағы көршілестік пен тең құқылы қатынастарды одан әрі жалғастырудамыз», - деді вице-министр.
Оның сөзінше, келіссөздер нәтижесінде Іле өзенінің су келу деңгейі орташа көпжылдық нормасында қамтамасыз етіледі.
«Мұндай тәсілдің тиімділігін айқын мысал ретінде Балқаш көлін көрсетуге болады. Мысалы, Балқаш көліне соңғы екі жыл ішінде шамамен 30 млрд текше метрге жуық су жіберілді. Бұл ретте Балтық биіктіктер жүйесі бойынша оның деңгейін оптимальды деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда көлдің орташа деңгейі 341,9 метр», - деді Нұрлан Алдамжаров.
Бұған дейін Солтүстік Арал теңізіне үш жылда 6 млрд текше метр су жіберілгені жайлы жазған едік.