Қазақстан мен Өзбекстан су үнемдеу технологиясы саласында тәжірибе алмасуға келісті
Түркістан қаласында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су қатынастарының екіжақты ынтымақтастықты тереңдету бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін бірлескен жұмыс тобының XIII отырысы, сондай-ақ Орталық Азияда өзара тиімді әрі орнықты су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін әзірлеу жөніндегі қазақ-өзбек бірлескен жұмыс тобының II отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Отырыстарға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
Тараптар екіжақты су және су-энергетикалық ынтымақтастық салаларындағы негізгі мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, «Достық» мемлекетаралық каналын тазалау және жөндеу жұмыстары қаралды. Былтыр Қазақстан тарапы каналдың учаскелерінде, еңістерінде, коллекторларында және бас құрылысжайларында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар нысанның бас және бөгейтін құрылысжайларындағы қақпаларға жөндеу жұмыстары жасалды. Биыл «Достық» каналын механикалық тазалау және бас құрылысжайларын жөндеу жұмыстары жалғасын табады.
Тараптар сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу және пайдалану саласында тәжірибе алмасуға келісті. Бұдан бөлек, Сырдария өзенінде он автоматтандырылған гидробекет орнату жобасын іске асыруды бастау жоспарланып отыр. Әр мемлекет аумағында бес-бестен нысан салынады.
Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен әзірленген бұл жоба трансшекаралық суды бөлудің ашықтығы мен дәлдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта GIZ осы жоба бойынша техникалық тапсырманы әзірлеуді аяқтады.
«Былтыр екі мемлекеттің басшыларының қатысуымен біз трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойдық. Бұл құжат көпжылдық жұмыстың нәтижесі болды, соның арқасында трансшекаралық суды басқарудың келісілген тәсілдерін әзірлеу мүмкін болды. Сондықтан бұл келісімнің қабылдануы тарихи маңызға ие оқиға болды. Келісім Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға елеулі үлес қосады және болашақтағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақты айқындайды. Біз екіжақты әріптестікті тату көршілік, өзара құрмет және сындарлы диалог рухында одан әрі дамытуға ниеттіміз», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Министр сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру және Орталық Азия елдерінің су пайдалану жөніндегі Негіздемелік конвенциясын әзірлеу туралы бастамаларын атап өтіп, олардың өңірлік су ынтымақтастығын ұзақмерзімді тұрғыда дамыту үшін ерекше маңызды екенін жеткізді.
Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі былтыр су үнемдеу технологиялары арқылы 900 млн текше метрге жуық су үнемделгенін мәлім еткен болатын.