Референдум-2026

Прокуратура Алматыдағы теміржол ауруханасының ғимараты мен жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарды

Прокуратура Алматыдағы теміржол ауруханасының ғимараты мен жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Прокуратура Алматыдағы теміржол ауруханасының ғимараты мен жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

2018 жылы бірқатар кезектескен мәміле нәтижесінде бұрын Теміржол апаттар медицинасы госпиталіне тиесілі болған денсаулық сақтау нысаны мен жер учаскелері жеке меншікке заңсыз шығарылған. Сауықтыру мақсатындағы жер учаскелері жер және мемлекеттік мүлік туралы заңнаманың талаптарын бұза отырып өткізілген.

Сот талқылауы барысында мәмілеге қатысушылардың өзара аффилирленгені және мемлекеттік мүліктің бәсекелестік ортадан тыс заңсыз шығарылғаны дәлелденді.

Алмалы ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша сот мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару жөніндегі мәмілелерді жарамсыз деп таныды. Сот шешімі заңды күшіне енді, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.

Нәтижесінде мемлекет меншігіне жалпы аумағы 0,3 га екі жер учаскесі және ауданы 1 628 шаршы метр ғимарат қайтарылды. Қайтарылған мүліктің жалпы құны 2 млрд теңгеден асады.

Еске салсақ, Қостанайда құны 582 млн теңге жайылым жерлер мемлекетке қайтарылды.