Павлодарда топырақ опырылып, 2 жұмысшы қайтыс болды
Бүгін облыс орталығындағы кәсіпорындардың бірінің аумағында су құбырларын тарту барысында төтенше жағдай орын алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
«112» пультіне Павлодар қаласында жер жұмыстарын жүргізу кезінде топырақ құлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Құлаудың тереңдігі шамамен 6 метрді құрады.


Оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары дереу жіберілді. Қысқа мерзімде құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жұмысқа кірісті.
Бөлімшелер келгенге дейін кәсіпорын қызметкерлері бір адамға шығуға көмектесті. Келген құтқарушылар тағы екі зардап шегушіні жер астынан алып шықты. Олардың барлығын ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасы алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін жедел медициналық көмек бригадаларына ауруханаға жатқызу үшін тапсырылды.


Оқиға нәтижесінде құтқарушылар үйінділерден екі адамның денесін алып шықты. Болған оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Павлодар облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.