Отбасын қолдау орталықтары биыл 76 мың адамға көмек көрсетті

25 желтоқсан, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Отбасын қолдау орталықтары биыл 76 мың адамға көмек көрсетті
Фото: freepik.com

Мемлекет басшысының «өтінішпен жүгіну» қағидатынан мұқтаж адамдарды ерте анықтау жүйесіне көшу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет отбасылық мәселелердің алдын алу жөніндегі жұмысты күшейтті. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау шаралары туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, бүгінде бүкіл республика бойынша «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін 153 отбасын қолдау орталығы бар. 2025 жылдың басынан бері олар 111 мыңнан астам қызмет көрсетті. Кешенді қолдаумен 76 мың азамат қамтылды.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінен

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) кедейшіліктен құтылудың маңызды құралы болып қала береді. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 54 мың отбасына немесе 290,6 мың жеке тұлғаға төлем тағайындалды, алушылардың 67%-ы – балалар. Қаржыландырудың жалпы көлемі 30,3 млрд теңгеден асты.

«Еңбекке қабілетті 63,6 мың АӘК алушы жұмыспен қамту шараларымен қамтылды және 11,5 мың адам жұмысқа орналастырудың, оқытудың және кәсіпкерліктің белсенді түрлерімен айналысуда. Осылайша, әлеуметтік көмек әлеуметтік тәуелділік пен құқық бұзушылықтың алдын алуға тікелей байланысты», — деп атап өтті Светлана Жақыпова.

Бұған дейін Үкіметте мереке күндері қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралып, Қазақстан полициясы Жаңа жылға байланысты күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін, мерекеге орай өрт қауіпсіздігінің сақталуына бақылау күшейтілгенін және өңірлерде зорлық-зомбылық құрбаны болған балаларға көмек көрсету кабинеттері ашылатынын хабарладық.