Қазақстан полициясы Жаңа жылға байланысты күшейтілген жұмыс режиміне көшті

25 желтоқсан, 2025
elordaaqparat elordaaqparat
Қазақстан полициясы Жаңа жылға байланысты күшейтілген жұмыс режиміне көшті
Фото: Оңалхан Өнерхан

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жаңа жылдық мерекелерде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметке сілтеме жасап.

«23 желтоқсаннан бастап полиция күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Жеке құрамның саны ұлғайтылды, мемлекеттік және стратегиялық аса маңызды нысандардың қауіпсіздігі күшейтілді. Патрульдік маршруттар қару-жарақ дүкендері мен түзеу мекемелеріне жақын орналастырылды. Ойын-сауық орындарының жанында қосымша тәртіп жасағы қойылды. Резервтер дайындыққа келтірілді. Азаматтардың заңды және қауіпсіздік шараларын сақтауын қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық науқандар ұйымдастырылды», — деді Игорь Лепеха.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шаралар шеңберінде есепте тұрған тұлғалар, қару иелері, шетел азаматтары тексерілді. «Шырша» және «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шаралары шеңберінде пысықтаулар басталды. Барлық мереке күндері полиция негізгі іс-шаралар өткізілетін орындарда қызметкерлердің тәулік бойы кезекшілігін қамтамасыз етеді, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының қауіпсіздігін күшейтеді, сондай-ақ жедел штабтардың жұмысы мен жол қозғалысын қадағалау ұйымдастырылады.

Бұған дейін Үкіметте мереке күндері қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралғанын хабарладық.