Елімізде мерекеге орай өрт қауіпсіздігінің сақталуына бақылау күшейтілді
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы барысында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыру туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайды тәулік бойы орталықтан басқару арқылы айрықша бақылауға алынды. Еліміздің барлық өңірлерінде, оның ішінде адамдар жаппай жиналатын нысандарда өрт қауіпсіздігінің сақталуына бақылау күшейтілді. Осындай 7 мыңнан астам объекті есепке алынып, олардан өрт қауіпсіздігі талаптарының 2 мың бұзушылығы анықталды, ол бұзушылықтардың 92%-ы сол бойда жойылды
Жаңа жылдық шырша мерекесі өтетін барлық орындар толық көлемде тексеріліп, пайдалануға рұқсат берілді. Министрліктің күштері мен құралдары тәулік бойғы кезекшілікке ауыстырылып, жедел ден қоюға дайын.
Халықтың әлеуметтік осал топтарының, оның ішінде көпбалалы отбасылардың үйлері ерекше бақылауымызға қойылды. Тұрғын үйлерді өртке қарсы датчиктерімен жабдықтау жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Бүгінгі таңда 36 мыңнан астам датчик орнатылды.
Жедел штаб халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінің жұмысына үздіксіз мониторинг жүргізіп отырады. Кез келген авариялық жағдайларға жедел ден қою тиісті Республикалық азаматтық қорғау қызметтерін тарта отырып, дереу жүзеге асырылады.
Сонымен қатар қысқы кезеңдегі автожолдардың қауіпсіздігі күшейтілген режимде қамтамасыз етіледі.
«Азаматтардың қысқы кезеңдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ішкі істер, Көлік және денсаулық сақтау министрліктерімен жедел өзара іс-қимыл жолға қойылды. Ауа-райының қолайсыздығы мен автожолдардың жабылуы туралы халыққа уақтылы хабар беру ұйымдастырылды. Қар басып қалатын барлық автожол учаскелері Министрліктің ерекше бақылауына алынып, күштер мен құралдар өңірлерге орналастырылды, жылыту пункттері іске қосылып, үздіксіз ден қою қамтамасыз етілді», — деп атап өтті Шыңғыс Әрінов.
Оған қоса, автожолдардың жекелеген учаскелеріне Министрліктің әскери бөлімдерінің күштері мен құралдары қойылды. Министрліктің авиациясы қызмет өткерудің күшейтілген режиміне ауыстырылып, зардап шеккендерді дереу эвакуациялауға және тасымалдауға әзір.
Жалпы алғанда, күштер мен құралдар төтенше жағдайларға жедел ден қоюға дайын.
Бұған дейін Үкіметте мереке күндері қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралғанын және Қазақстан полициясы Жаңа жылға байланысты күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін хабарладық.