Өнеркәсіптік кәсіпорындар суды қайта пайдалану және айналымды сумен жабдықтау жүйесіне көшуге міндеттелді

Бүгін, 13:37
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Өнеркәсіптік кәсіпорындар суды қайта пайдалану және айналымды сумен жабдықтау жүйесіне көшуге міндеттелді
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Үкіметтің 2025 жылға арналған су саласын дамыту жұмыстарын қорытындылаған баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жаңа Су кодексінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың суды қайта пайдалану және айналымды сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу талаптары бекітілген. Бұл мақсатқа 7 жыл мерзім белгіленді, оның ішінде 2 жыл – өтпелі кезеңге, 5 жыл – жоспарларды жүзеге асыруға арналған.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкіметтің бір жылдық қызметінің қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында атап өткендей, бұл шешім 2030 жылға қарай суды қайта және айналымды пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін, яғни екі еседен астамға арттыруға мүмкіндік береді.

Заңда белгіленген шараларды орындамағаны үшін жауапкершілік көзделген. Ондай жағдайда су пайдалану лимиттері 20%-ға дейін қысқартылуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде судың «қара нарығын» жою үшін іс-шаралар жоспары қабылданатынын жазған болатынбыз.