Олжас Бектенов Екібастұздағы «бұлтты» сервистер және ЖИ мүмкіндіктері орналастырылатын арнайы аймаққа барды

Бүгін, 16:58
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Олжас Бектенов Екібастұздағы «бұлтты» сервистер және ЖИ мүмкіндіктері орналастырылатын арнайы аймаққа барды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінен

Арнайы аймақ 200 гектар учаскеде орналасады, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Екібастұз энергия торабы базасына барып, Президенттің «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді.

Екібастұз МАЭС-1 ауданында болашақта 1 300 гектардан астам аумақта 200 гектар жер учаскесі айқындалды. Мұнда есептеу инфрақұрылымы, «бұлтты» сервистер және ЖИ мүмкіндіктері орналастырылатын арнайы аймақты құрылмақ.

«Президент тапсырмасы бойынша біз ауқымды инфрақұрылымдық жоба – «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» жүзеге асыруды бастаймыз. Бұл экономиканың жоғары технологиялық секторының дамуына елеулі серпін береді. Барлық мемлекеттік орган мен жауапты ұйымдар нәтижеге жету үшін барынша тиімді нәтижелі жұмыс істеуі қажет», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министрге «Деректерді өңдеу орталығы алқабының» дизайн-жобасы таныстырылды. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «Қазақтелеком» АҚ төрағасы Бағдат Мусин жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндады.

«ДӨО алқабы» экожүйесі Екібастұз энергия торабының энергетикалық қуаттары негізінде құрылады. Тұжырымдамада нысанды қазіргі бар энергетикалық инфрақұрылымды пайдалана отырып, қуаттарды енгізудің нақты белгіленген параметрлері бойынша кезең-кезеңімен дамыту көзделген.

Жоба шеңберінде ұзындығы 15 шақырым электр тарату желілерін сондай-ақ, қуаты 300 МВт болатын және оны болашақта 1 ГВт-қа дейін кеңейту мүмкіндігі бар төмендеткіш қосалқы стансалардың инфрақұрылымын салу қарастырылған.

Инвесторлар үшін Арнайы экономикалық аймақтар қағидаты негізінде инфрақұрылым құру, тариф белгілеу және салықтық преференциялар беру түрінде жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Жобаның инвестициялық көлемі – шамамен $30 млрд. Бүгінгі таңда ірі халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Премьер-министр Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту контексінде «ДӨО алқабының» стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Жасанды интеллект және цифрлық даму, Энергетика министрліктеріне, Павлодар облысының әкімдігіне «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп жобаны жедел жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар мен инфрақұрылымды қамтамасыз ету тапсырылды.

«Бұл – болашақтың индустриясы. Біздің бәсекелестік артықшылықтарымызды пайдалану – маңызды. Жобаны жүзеге асыруға барлық алғышарт бар – электр энергиясы, климат, транскаспий кабелі. Сондықтан қабылдау қажет барлық шешімді енгізіп, артық бюрократиясыз алға жылжу керек. Мен бұл жобамен тікелей өзім айналысамын. Біз мүмкіндігінше қысқа мерзімде осы кезеңнен тез өтіп, келісімшарттар жасап және әлемдік компанияларға қуат беру арқылы жұмысқа кірісуіміз керек», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бұған дейін Олжас Бектенов Павлодар облысындағы энергетикалық инфрақұрылымның дамуымен танысқанын жаздық.