Бектенов Павлодар облысындағы энергетикалық инфрақұрылымның дамуымен танысты
Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, көмір генерациясын дамыту және экономика мен халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін жабу үшін жаңа қуаттарды іске қосу жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді. Тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақты жұмысын және энергетика мен көмір өндіруде цифрлық шешімдер енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапар аясында Олжас Бектенов өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының дамуымен танысты. Павлодар облысы – электр энергетикасын өндіру мен дамытудың флагманы. 2025 жылы өңір елдегі жалпы көрсеткіштің 42%-ын өндірді. Екібастұздағы бірқатар энергетикалық нысан, атап айтқанда, МАЭС-1, МАЭС-2, «Богатырь Көмір» ЖШС көмір кеніші мысалында жұмысының ағымдағы тиімділік көрсеткіштері мен энергия кешенін одан әрі дамыту перспективалары қаралды.

Премьер-министрге еліміздегі қатты отынмен жұмыс істейтін ең ірі станса – Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1 алаңында нысанды жаңғырту барысы туралы баяндалды. Отынмен қамтамасыз ету жүйесін реконструкциялау, жаңа түтін құбырын салу, кейін ескісін бөлшектеу – өңірді энергиямен қамту сенімділігін арттырудың негізгі элементтерінің бірі.
Сондай-ақ өңірдегі генерациялық және желілік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобалар, оның ішінде қуаты 325 МВт Ақсу МАЭС-тегі №7 энергоблокты реконструкциялау, жекелеген энергия көздерін жаңғырту, сондай-ақ заманауи технологияларға негізделген жаңа жобаларды әзірлеу және баламалы энергияны дамыту жобалары таныстырылды.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, биыл Қазақстанда шамамен 2,6 ГВт жаңа қуат көзін, оның ішінде 2 427,6 МВт газ жобаларын және 245,8 МВт ЖЭК-ті іске қосу жоспарланып отыр. Барлығы 13 жоба, оның ішінде Текелі энергокешені, Атырау ЖЭО, Түркістан облысында, Алматы қаласында бу-газ қондырғылары және т.б. жобалар іске асырылады.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымының барысы туралы баяндады. Энергия көздеріндегі негізгі 46 жабдықта жөндеу жұмыстары аяқталып, 37,1 шақырым жылу желілері жаңғыртылды, бұл жылу жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, тозу деңгейін 1,5%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
Екібастұз МАЭС-2-нің құрылыс алаңында Премьер-министр стансаны кеңейту және реконструкциялау жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Бүгінгі таңда мұндағы энергия қуаты 1 ГВт-ты құрайды. №3 және №4 энергия блоктарын салу стансаның қуатын 2,1 ГВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов аталған блоктар 2028 жылғы қыркүйекте (№3 энергоблок) және 2030 жылғы қыркүйекте (№4 энергоблок) пайдалануға берілетінін баяндады. Кеңейту жобасын жүзеге асыруға салынатын инвестициялардың жиынтық көлемі 1,2 трлн теңгеден асады.
МАЭС-3 құрылысының жобасы бойынша қуат көздерін кезең-кезеңімен енгізе отырып, «таза көмір» технологиясы негізінде жалпы қуаты 2,64 ГВт болатын жаңа көмір генерациясын құру жоспарланып отырғаны атап өтілді.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда қуат көздерінің жеткілікті болуын қамтамасыз етуді мемлекеттік саясаттың аса маңызды бөлігі ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті. МАЭС-2-нің қосымша энергия блоктарын іске қосу және МАЭС-3-тің құрылысын бастау – бұл барлық экономикаға серпін береді. Біз біртіндеп энергия тапшылығын жойып, отандық бизнеспен қатар инвесторлар үшін де қажетті энергия қуаттарын ұсынуға мүмкіндік аламыз», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр «Богатырь Көмір» ЖШС карьерінде болып, ашық тәсілмен көмір өндіру процесімен танысты. Бұл – аумағы 43 шаршы шақырым, тереңдігі 300 метр болатын әлемдегі ең ірі разрез. Кәсіпорын «Богатырь» және «Северный» сынды екі кеніште көмір өндіреді. Қазіргі уақытта өндірістік процестерді автоматтандыру кезеңін іс жүзіне асыру аяқталды. Бұл бағыттағы дамудың келесі кезеңі ЖИ мүмкіндіктерін қолдану болмақ. Осы мақсатта ЖИ элементтері бар екі жоба жоспарланған, олар – «Жүк ағынын оңтайландырушы» және «Тау-кен жұмыстарын жоспарлау» қосымшалары.
Бүгінгі таңда «Богатырь Көмір» ЖШС – еліміздің жетекші көмір өндіруші активтерінің бірі: Қазақстандағы көмір өндірісінің жалпы көлемінің 38%-ы кәсіпорынның үлесіне тиесілі. Оның қоры – 2,3 млрд тоннадан астам, бұл көмірмен ұзақ уақыт бойы тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бас директор Евгений Мастернак өндіріс көлемін ұлғайту жоспарлары туралы хабарлады. Қазіргі уақытта «Богатырь» және «Северный» кеніштерінің жалпы өндірістік қуаты жылына 42 млн тоннаны құрайды. 2026 жылға арналған нысаналы көрсеткіш – 45,2 млн тонна, 2032 жылға қарай оны 56,5 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Алдағы 7 жылда жаңа құрылыс салуға, жабдық сатып алуға, реконструкциялауға, жаңғыртуға және жөндеуге шамамен 360 млрд теңге инвестицияланатыны атап өтілді.
Премьер-министрге кәсіпорында жүзеге асырылған цифрлық шешімдер туралы да хабарланды. Олар – Blast Maker бұрғылап-жару жұмыстарын жобалауға арналған бағдарламалық-техникалық кешені, диспетчерлік басқарудың автоматтандырылған жүйелері, электр энергиясын техникалық есепке алу жүйесі, сондай-ақ карьерлік самосвал жүргізушісінің сергектік деңгейін бақылау жүйесі.
Сондай-ақ 2026-2030 жылдар аралығында бірқатар инновацияны енгізу жоспарлануда:
- жүк ағындарын оңтайландыру модулі көмірді жедел жөнелтуге, вагондар мен техниканың тоқтап қалуын қысқартуға ықпал етеді;
- локомотив машинисінің қырағылықты бақылау жүйесі қауіпсіздікті арттыруға және адам факторына байланысты болатын апаттар қаупін азайтуға бағытталған;
- «Пилотсыз тиеу» шешімі араластыра-тиеу машинасын қашықтан басқаруды қамтамасыз етеді;
- Қосалқы техникаға арналған MES жүйесі нақты уақыт режимінде жабдықтың жұмысын және жоспарлардың орындалуын көруге мүмкіндік береді, бұл өндірісті бақылау мен басқаруды жеңілдетеді.
Президенттің елдің көмір әлеуетін стратегиялық ресурс ретінде пайдалану жөніндегі тапсырмаларына сәйкес Премьер-министр заманауи технологияларды енгізудің және өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттырудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы сондай-ақ көмір өндірісін дамытуға ұлттық жоба мәртебесін беру міндетін қойды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Жобаға «таза көмір» технологиясы негізінде қазіргі заманғы шешімдердің басымдығы мен экологиялық заңнама талаптарын сақтай отырып, шамамен 7,6 ГВт көмір генерациясы енгізілетін болады. Өсіп келе жатқан тұтынуды қамтамасыз ету үшін 2026 жылы шамамен 2,6 ГВт қуат көзін, 2027 жылы шамамен 1 ГВт қуатты іске қосу жоспарлануда. Осылайша, келесі жылдың І тоқсанының соңына қарай экономиканың электр энергиясына деген барлық қажеттілігі жабылады деп күтілуде, ал жыл соңына қарай шамамен 1,3 млрд кВтсағ деңгейінде профицит қамтамасыз етілетін болады.
Екібастұздағы энергокешен нысандарына аралау қорытындысы бойынша Премьер-министр белгіленген мерзімде МАЭС‑1-ді жаңғырту жұмыстарын, МАЭС-2-дегі №3 және №4 энергоблоктардың құрылысын аяқтауды және уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Богатырь Көмір» ЖШС-нің инвестициялық жоспарларын жүзеге асыруға жәрдемдесуді тапсырды.
Еске сала кетейік, биыл елімізде 9 энергоблок, 55 қазандық жаңартылады.