Биыл елімізде 9 энергоблок, 55 қазандық жаңартылады
Нәтижесінде елдегі жылу электр орталықтарының тозу деңгейі 61 пайыздан 59 пайызға дейін төмендейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, биыл елімізде 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина жөндеуден өтеді. Нәтижесінде қазақстандық жылу электр орталықтарының тозу деңгейі 61 пайыздан 59 пайызға дейін төмендейді. Жөндеу жұмысын жоспарлы әрі кешенді жүргізу стансалардың сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, оларды жоғары қауіп аймағынан («қызыл аймақ») кезең-кезеңмен шығаруға жағдай жасайды.
Айта кетейік, Энергетика саласын жаңғыртуға арналған ұлттық жоба екінші жыл жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама 5 жылға жоспарланып, инженерлік инфрақұрылымды ауқымды жаңартуды көздейді.
Жалпы 5 жыл ішінде елімізде 1,6 мың шақырым жылу желісі мен 78 мың шақырым электр желісі жаңартылады. Нәтижесінде 2029 жылға қарай жылу желілерінің тозуын 52 пайыздан 42 пайызға, ал электр желілерінің ескіруін 74 пайыздан 45 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, Энергетика министрлігі қазандықтар мен жылу желілерін жөндеу жөніндегі 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын қарастырып жатқанын жаздық.