Мемлекет бөгеттер мен су қоймаларының қауіпсіздігін қалай бақылайды

Мемлекет бөгеттер мен су қоймаларының қауіпсіздігін қалай бақылайды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі мемлекет бөгеттер мен су қоймаларының қауіпсіздігі қалай бақыланатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz вежомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстанның жаңа Су кодексінде бөгеттер, дамбалар және су қоймалары сияқты гидротехникалық нысандардың иелеріне қатаң талап белгіленген. Енді мұндай нысандардың қауіпсіздігі апаттар мен бөгеттердің бұзылу қаупін болдырмау үшін қатаң бақылауға алынады.

Нысан иелеріне қойылатын негізгі талаптар

ҚР Су кодексінің 72-бабына сәйкес, меншік иелері нысанға тек иелік етіп қана қоймай, оның апатсыз жұмысын жүйелі түрде қамтамасыз етуге міндетті.
Олардың негізгі міндеттері:
• Гидротехникалық құрылысжайлардың техникалық жағдайын тұрақты тексеріп отыру.
• Уақытылы жөндеу жұмыстарын жүргізу және тозған жабдықтарды ауыстыру.
• Су есептеу құралдарын жарамды күйде ұстап, олардың мемлекеттік аттестация мерзімін сақтау.

Тексеру нәтижесі бойынша меншік иесі жөндеу жоспарын әзірлейді. Енді бұл жоспар міндетті түрде су шығыны мен оның ағып кетуін азайту шараларын қамтуы тиіс.

Заманауи технологиялар арқылы терең диагностика

ҚР Су кодексінің 72-бабы бойынша егер гидротехникалық нысан табиғи немесе техногендік төтенше жағдай кезінде жоғары қауіпті деп танылса, тек визуалды тексеру жеткіліксіз. Мұндай нысандар әр 5 жыл сайын көпфакторлы тексеруден өтеді. Бұл мерзім алдыңғы тексеру тіркелген күннен бастап есептеледі.
Қазір бұл тек бөгетті сырттай қарап шығумен шектелмейді. Заманауи әдістер қолданылады:
• Мамандар бөгеттің жасырын бөліктерін су астында зерттейді.
• Бетондағы ішкі ақаулар мен қуыстарды анықтау үшін ультрадыбыс пен георадарлар пайдаланылады.
• Ең қолжетімсіз учаскелер дрондардың көмегімен әуеден тексеріледі. Мұндай тексерудің басты мақсаты — бөгеттің «қалдық ресурсын» анықтау, яғни оның тағы қанша жыл қауіпсіз жұмыс істей алатынын бағалау. Ал осы тексерулердің арасында нысан иесі қауіпсіздік көрсеткіштерін жыл сайын бақылап отыруы тиіс.

 «Қос бақылау» жүйесі және құжатсыз жұмысқа тыйым

ҚР Су кодексінің 72-бабы бойынша көпфакторлы тексеру нәтижесінде негізгі құжат — Қауіпсіздік декларациясы әзірленеді. Формалдылыққа жол бермеу үшін заң құжаттың тәуелсіз сараптамадан өтуін талап етеді:

• Құжат міндетті түрде тәуелсіз сараптамадан өтеді. Егер декларацияны меншік иесі өзі әзірлесе, оны аттестатталған тәуелсіз ұйым тексеруі тиіс.
• Егер көпфакторлы тексеруді жалданған компания жүргізсе, оның жұмысын басқа аттестатталған ұйым тексеруі қажет.
• Сарапшылар тексерген дайын құжат бассейндік инспекцияға тіркеуге жіберіледі. Инспекция заңбұзушылық анықталған жағдайда тіркеуден бас тартуға құқылы.

Қауіпті нысан саналатын бөгетті бекітілген декларациясыз пайдалануға қатаң тыйым салынады.

Талаптарды сақтамағаны үшін айыппұл салу

Бұл талаптар қатаң жауапкершілікпен бекітілген. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске арнайы 359-1-бап енгізілген. Енді тексеру жүргізбегені немесе бөгетті қауіпсіздік декларациясынсыз пайдаланғаны үшін қомақты айыппұл салынады:

• Жеке тұлғаларға — 150 АЕК
• Кәсіпкерлік субъектілеріне — қызмет ауқымына қарай 1 500 АЕК-ке дейін

74-бапқа сәйкес, гидротехникалық нысандардың қауіпсіз күйі мен оларды пайдалану қағидаларын сақтау үшін меншік иелері жауапты.

Мемлекеттің тікелей араласу құқығы

ҚР Су кодексінің 73-бабы бойынша егер бөгет апат алдында немесе апатты жағдайда болса не істеу керек? Жаңа Су кодексіне сәйкес, уәкілетті орган мұндай жағдайда арнайы пайдалану режимін енгізуге құқылы. Бұл дегеніміз, су тасқыны алдындағы кезеңде мемлекет халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су қоймасындағы суды мәжбүрлі түрде төмендетіп, гидротехникалық нысан арқылы судың қауіпсіз өтуін ұйымдастыра алады. Мұндай жағдайда шешім қабылдау процесінен жауапсыз меншік иесі шеттетіледі.