Лондонға барған сәтінде қазақстандық әнші Димаш Құдайберген бірден әлемге танымал CNN телеарнасының студиясына шақырылды. Әнші «What We Know with Max Foster» атты халықаралық жаңалықтар бағдарламасында тікелей эфирде қонақ болып, шығармашылық жолы мен басты миссиясы жайлы әңгімеледі, деп хабарлады Elordainfo.kz dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
Бағдарлама жүргізушісі Макс Фостер Димашты «әлем бойынша орасан зор тыңдарманы бар қазақстандық әнші» деп таныстырып, оның сегіз жыл бұрын Қытайда бірегей стилі мен алты октавалық дауысымен танылғанын атап өтті. Сондай-ақ жүргізуші әншінің 16 тілде ән орындайтынын және жуырда Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында концерт өткізгенін еске салды.
Сұхбат барысында Димаш Құдайберген кәсіби жолының бастауын еске алып, вокалдық шеберлігінің қалыптасуы туралы айтты.
«Халықаралық мәнсабым шамамен 15 жыл бұрын басталды. Алдымен опералық вокалды меңгеріп, кейін поп және джаз бағытында дамыдым. Қазір де үнемі білімімді жетілдіріп отырамын», – деді ол.
Әнші не себепті опера театрының ұсынысынан бас тартып, заманауи музыканы таңдағанын да түсіндірді.
«Менің дауыс табиғатыма неоклассикалық бағыт көбірек сәйкес келеді. Дегенмен кейде тәжірибе жасап, концерттерде рок немесе рэп элементтерін қосамын», – деді Димаш.
Сондай-ақ ол дауыс диапазонының кеңеюі мен кәсіби еңбегі туралы айтып, ұстазы Марат Айтимовқа алғыс білдірді.
«Бұл – Жаратушының сыйы, бірақ ең бастысы – еңбек. Мен күн сайын вокалдық жаттығу жасаймын. Паваротти айтқандай, елу жыл сахнада болған соң ғана «қалай ән айту керек екенін түсінесің» деген сөзімен толық келісемін», – деді әнші.
Сұхбат соңында Димаш өзінің басты миссиясы Қазақстанның мәдениетін әлемге таныту екенін атап өтті.
«Менің мақсатым – әлемге біздің тарихымызды, дәстүрімізді, мәдениетімізді, бейбітшілік пен сүйіспеншілікті таныстыру.
Сондықтан айтарым – Қазақстанға қош келдіңіздер!» – деді ол.