Көлік апатынан болатын адам өлімі 9,4 пайызға азайды – Президент жол қауіпсіздігі шараларының нәтижесі туралы

5 қаңтар, 2026
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Көлік апатынан болатын адам өлімі 9,4 пайызға азайды – Президент жол қауіпсіздігі шараларының нәтижесі туралы
Фото: freepik.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында көлік апаты тақырыбына тоқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл – көптеген ел үшін өте өзекті мәселе. Басты себептің бірі – автокөліктің көбеюі. Еліміздегі автокөлік саны былтырдың өзінде 300 мыңға, ал, соңғы бес жылда 1,7 миллионға көбейді. Оның үстіне, шамамен 3 миллион транзиттік автокөлік еліміздің аумағы арқылы өтеді. Автокөлік көбейген сайын, жол үстінде апат болу ықтималдығы арта түседі», - деді Президент.

Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықты анықтау және оның жолын кесу жұмыстарын жандандыра түсті. Инфрақұрылым жетілдірілді, бақылау күшейді. Айыппұлды өсіру туралы шешім де, ең алдымен, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданды. 

«Соның нәтижесінде ахуал жақсарып келеді, көлік апаттарынан болған адам өлімі 9,4 пайызға азайды. Алайда, қоғам жол ережесін сақтауға немқұрайлы қараса, қолға алынған шаралардың ешқайсысы тиісті нәтиже бермейді. Түптеп келгенде, жүргізушілер қарапайым, бірақ өте маңызды талаптарды сақтамағандықтан, жан түршігерлік апаттар болып жатады. Бұл жағдай көлік жүргізушілерінің жол ережесін білмеуінің немесе оны біле тұра елемеуінің кесірінен орын алады. Дәл осындай жауапсыз жүргізушілер адам өліміне әкеп соқтыратын апаттарға себепкер болады. Кейбір дамыған елдерде көлік апаттарының алдын алу үшін жаңа тұжырымдама енгізіліп жатыр», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев соған сәйкес әр адам полиция қызметкерлеріне ұсталып қалудан қорыққандықтан емес, өзінің және басқа адамдардың қауіпсіздігін ойлағандықтан жол ережесін сақтауға тиіс екенін айтты.

«Бұған қоса, осы салаға жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізген жөн. Біз көліктер тоқтаусыз жүретін көшелер саламыз. Сондай-ақ, қоғамдық көліктердің қауіпсіздігіне айрықша назар аударамыз. Себебі, автобустардың жол апатына ұшырауы азаюдың орнына көбейіп барады», - деді Президент.

Еске сала кетейік, бұған дейін олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндірілгенін жаздық.