Олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндірілді – Тоқаев

5 қаңтар, 2026
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндірілді – Тоқаев
Фото: Оңалхан Өнерхан

Президент Turkistan газетіне берген сұхбатында заңсыз активтерді елге қайтару ісі жалғасатынын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бас прокуратураның мәліметтеріне тоқталып өтейін. Заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі комитет үлкен жұмыс атқарып, олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріп алды. Соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түсті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Оның қатарында 227 сумен қамтамасыз ету, 183 денсаулық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инфрақұрылым нысанының құрылысы бар. Сондай-ақ, Павлодар, Арқалық, Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылып жатыр. Жұмыс жалғаса береді. Активтерді сараптап, оның заңдылығын анықтау құзырлы органдардың күнделікті қызметінің бір бағытына айналды. Ең бастысы, барлық жұмыс ашық әрі әділ болуға тиіс. Енді бұл шаруаны бір орталықтан үйлестіріп жүргізудің қажеті жоқ. Жұмыс бір қалыпқа түсті. Сондықтан, алға қадам басып, инвесторлардың құқығын қорғауға баса мән беретін кез келді», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев күмәнді байлықтың иелері 5 триллион теңгеден аса инвестиция салатынын жеткізді.

«Активтері күмән тудырып, күдікке ілінген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірді. Олармен жалпы сомасы бес триллион теңгеден асатын келісімдер жасалды. Бұл қаражаттың есебінен инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде туристік, көлік-логистикалық орталықтар, тау-кен, металлургия, энергетика секторларына қатысты жобалар бар. Әлбетте, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларына, сондай-ақ, мұқтаж жандарды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу бағдарламаларын қаржыландыруға айрықша назар аударылады. Бас прокуратура мен Үкіметтің алдында барлық жоспарларды және уағдаластықтарды орындау міндеті тұр. Бұл – аса маңызды жұмыс», - деді Мемлекет басшысы.

Президент шетелде жатып алып, өздерін саяси режимнің құрбаны етіп көрсететін «инвесторларды» сынады.

«Заңсыз активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру – конъюктура не болмаса жұртқа жағу үшін жасалған саяси науқан емес, бұл – мемлекеттің мызғымас ұстанымы. Әңгіме индульгенция немесе ымыраласып, астыртын келісім жасау туралы болып отырған жоқ, олай болуы мүлдем мүмкін емес. Қазақстан әлем қауымдастығына халықаралық құқықты қатаң сақтайтын ел екенін көрсетіп келеді. Бірақ, кейбір «кәсіпкерлер» қоғамдық пікірді өз мүддесіне қарай бұрмалауға тырысады, шетелде жатып алып, өздерін саяси режимнің құрбаны етіп көрсетеді, «инвестор» ретіндегі құқығы тапталып жатқанын айтады. Біз заң аясында адал диалог жүргізуге дайынбыз. Өйткені, ұстанымдарымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Қазақстан алдағы уақытта да заңдары инвесторларға қолайлы мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайта береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тоқаев туризм саласында қандай азаматтар жұмыс істеу керектігін айтқанын жазған едік.