Референдум-2026

Кентау Назарбек: Домбыра – халқымыздың рухын жаңғыртатын қасиетті мұра

Кентау Назарбек: Домбыра – халқымыздың рухын жаңғыртатын қасиетті мұра
Фото Кентау Назарбектің жеке мұрағатынан

Композитор, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі, елордадағы Оқушылар сарайы вокал бөлімінің жетекшісі Кентау Назарбек Ұлттық домбыра күніне орай қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, домбыраның ұлт руханиятындағы орны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, домбыра – қазақ халқының қуанышы мен қайғысын, тарихы мен тағдырын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан қасиетті мұра.

«Қадыр ағамыз айтқандай, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Қазақ қандай қиындық көрсе де, рухын домбырамен көтерген. Қуанса да, мұңайса да жүрек үнін күй арқылы жеткізген», – деді Кентау Назарбек.

Композитор ұлттық аспаптың ұлттың рухын асқақтатудағы және жас ұрпақтың тәрбиесіндегі маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Әрдайым қазақтың қара домбырасы ұлтымыздың рухын, халқымыздың үнін әрбір ұрпақтың санасына сіңіре берсін. Бабаларымыздың аманаты болған күйлер ұлттық аспабымыз арқылы жас буынға жетіп жатыр. Домбырамыз әрдайым төрімізде тұрып, халқымызға қызмет ете берсін», – деді ол.

Кентау Назарбек сөз соңында барша қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, қазақтың қасиетті қара домбырасы ел рухын асқақтата беруіне тілектестік білдірді.

Бұған дейін Астанада Ұлттық домбыра күніне орай Х «Күй жәрмеңкесі» өткенін жаздық