Референдум-2026

Астанада Ұлттық домбыра күніне орай Х «Күй жәрмеңкесі» өтті

Астанада Ұлттық домбыра күніне орай Х «Күй жәрмеңкесі» өтті
Фото: Астана әкімдігі

Ұлттық домбыра күніне орай елордадағы «Күйшілер» аллеясында төл аспаптың мерекесі мен күй анасы Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған Х «Күй жәрмеңкесі» ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараны Астана қаласының «Алматы» ауданы әкімдігі мен «Күй анасы» республикалық қоры бірлесіп өткізді. Бағдарлама Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталып, астаналық жастардың бастамасымен 15-ке жуық шие ағашы отырғызылды.

Салтанатты жиында «Күй анасы» республикалық қорының басшысы Төлеген Қуанышев пен қор жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Ирак Елекеев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың домбыраның ұлттық болмыстағы орны туралы айтқан пікіріне тоқталды. Сондай-ақ олар Дина Нұрпейісованың қазақ күй өнерінің дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.

Мерекелік бағдарлама аясында белгілі күйшілер мен жас орындаушылар қазақтың дәстүрлі күйлерін орындады. Атап айтқанда, мәдениет қайраткері Бақытжан Дүйсенғазиев Дина Нұрпейісованың «Байжұма» күйін, Темреш Кереев Қазанғаптың «Құс қайтару» шығармасын орындаса, Unique Child дарынды балалар өнер мектебінің ұстазы Мұқағали Рысқалиев пен тәрбиеленушілері халық күйі «Қарт Науаи» туындысын көпшілік назарына ұсынды.

Іс-шара барысында көрермендер арасында күй сайысы ұйымдастырылып, қатысушылар Құрманғазы, Дина, Қазанғап, Тәттімбет, Сүгір және басқа да халық композиторларының шығармаларын орындады. Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Айтжан Тоқтаған бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Жеңімпазға үкілі домбыра табысталып, үздік өнер көрсеткен қатысушылар «Күй анасы» кітабымен марапатталды.

Бұған дейін Ұлттық домбыра күнінде Астанада 10 мың оқушы челлендж жолдағанын жаздық