Келесі жылдан бастап «Баланың жолы» цифрлық жүйесі іске қосылады

Келесі жылдан бастап «Баланың жолы» цифрлық жүйесі іске қосылады
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Келесі жылдан бастап «Баланың жолы» цифрлық жүйесі іске қосылады. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, тұжырымдаманы іске асыру аясында 2027 жылдан бастап «Баланың жолы» цифрлық жүйесі енгізіліп, көрсетілетін қызметтер мен қолдаулар осы жүйеде бірегей түрде ұйымдастырылады. Жиналған тәжірибе мен қол жеткізілген нәтижелер 2030 жылға дейінгі «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеудің негізіне айналып отыр.

«Бүгінгі күні елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді, барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары мен «111» байланыс орталықтары енгізілген. «Қауіпсіздік» бағыты бойынша жұмыс әрі қарай жандандырылады», - деді спикер.

Оның айтуынша, ең алдымен, «Адал азамат» бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп» принципін кеңейту көзделген. Бұл әрбір баланың өмірі, оқуы және дамуы үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеді. «Таза Қазақстан» акциясы балаларды тәрбиелеудің идеологиялық платформасы ретінде негізге алынады. 

«Мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға 40 көмек кабинетін ашу, психологиялық диагностика үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу және ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға толық менторлық қолдау жасау іс-шаралары жоспарланған», - деді оқу-ағарту вице-министрі.

Еске салсақ, Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын қабылдады.