Үкімет «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын бекітті
Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгінде елімізде шамамен 7 млн бала өсіп келеді. Яғни халықтың үштен бір бөлігінен астамын балалар құрап отыр, нақты айтсақ – 34%. Еліміздің болашағы отаншыл, жасампаз ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан да Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды», – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Үкімет отырысында жауапты министрлер бірыңғай Тұжырымдама жобасының негізгі тәсілдері туралы баяндады. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, әлеуметтік қамсыздандыру және отбасының әл-ауқаты саласында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары қамтылған.
Премьер-министр соңғы жылдары балалардың құқықтарын қорғау бойынша бірқатар шара қабылданғанын атап өтті.
«Заңнамалық база айтарлықтай кеңейтілді. Әсіресе, балаларға қатысты қылмыстық әрекеттер үшін жазаның бұлтартпас қағидаты қатаң сақталады.
Отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша 111 бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Оған жүгінген жағдайда міндетті түрде көмек көрсетіліп, тексеру шаралары жүргізіледі.
Барлық өңірде бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер жұмыс істейді, олар бала құқықтарының сақталуын бақылайды әрі балалар мен отбасыларға көмек көрсетеді.
1 ақпаннан бастап барлық білім беру ұйымына «тосыннан тексеру» қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл балаларды сауықтыру, олардың қауіпсіздігі мен тамақтану мәселелеріне қатысты», - деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Туризм және Ішкі істер министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 30 қаңтарына дейін ерекше бақылау мен қадағалауға жататын нысандар тізілімін дайындауды тапсырды.
Балалардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында қамқоршылық органдары мамандарының жаңа штаттық нормативі енгізілді. Ол 1 жыл ішінде мамандар санын 3 еседен астам арттыруға мүмкіндік берді.
Осы мамандар қатарынан әр өңірде бала құқықтарын қорғау басқармалары құрылуда.
Бұл ретте Премьер-министр өңірлердің көпшілігінде бұл іске тиісті көңіл бөлінбей отырғанын, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе облыстарында және елордада ғана нәтижелі жұмыс жүргізілгенін атап өтті.
Қалған өңір әкімдіктеріне екі ай ішінде бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру ісін аяқтау тапсырылды.
«Өткен жылдың 1 шілдесінен бері отбасына орналастырудың жаңа нысаны – баланы қабылдайтын кәсіби отбасы енгізілді (әр балаға 10 АЕК мөлшерінде жәрдемақы, әр тәрбиешіге қызмет ақысы – 70 АЕК). Оларды қамтамасыз етуге тиісті қаражат көзделген. Алайда бірде-бір облыста жұмыс жүргізілген жоқ», – деді Олжас Бектенов.
Өңір әкімдіктеріне бұл бағытта жұмысты жандандыру тапсырылды.
«Соңғы жылдары балалардың сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі айтарлықтай жақсарды. Алайда мамандардың, дәрілік заттардың жетіспеушілігіне, балаларды оңалту мәселелері бойынша түсіп жатқан шағымдар аз емес.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың бірқатар жаңа тетіктері енгізілді. Бірақ оны тиімді іске асыру үшін тиісті жағдайлар мен арнайы мамандар – дефектолог, логопед, сурдологтер қажет.
Балалардың, соның ішінде олардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері әлі де өзекті.
Көптеген ауыл балалары үйірмелер мен заманауи білім беру технологияларынан тыс қалады. Жасөспірімдерге тиісті көңіл бөлінбейді әрі олар өзін дамыту үшін тың мүмкіндіктерден айрылып отыр», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктері мен өңір әкімдіктері арасындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет екенін, тұжырымдамада көзделген нысаналы индикаторлар балаларды дамытудың, қолдау мен қорғаудың орнықты жүйесін қалыптастыруы тиіс екенін атап өтті.
Олжас Бектенов балаларға жан-жақты қамқорлық жасау – басты басымдықтардың бірі екенін, бұл орайда мемлекет өскелең ұрпақтың өмір сапасын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдап келе жатқанын айтты.
Үкімет дауыс беру қорытындысы бойынша «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын бекітті.
Премьер-министр Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, Тұжырымдамадағы барлық іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуін жүктеді.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен тиімді өзара іс-қимылды жолға қою керектігін тапсырды.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру бойынша ақпараттық науқанды ұйымдастырып, жоспарланған іс-шаралар мен олардың орындалуы туралы халықты ашық әрі түсінікті жолмен хабардар етіп отыруын тапсырды
Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға бекітілді.
Бұған дейін Үкіметте «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының таныстырылғанын жазған едік.