Елордалық спортшылар әлем кубогының кезеңінде бірнеше медаль жеңіп алды
Колумбияның Медельин қаласында әртістік жүзуден әлем кубогының кезеңі өтті. Байрақты бәсекеге 20 мемлекеттен 120 спортшы қатысты. Жарыстың алғашқы күнінде Астана қаласының спортшылары тамаша нәтиже көрсетіп, екі алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ерлер арасындағы еркін бағдарламада астаналық Эдуард Ким қарсыластарынан оқ бойы озып, 195.2476 ұпаймен алтын жүлдеге қол жеткізді.
Ал әйелдер арасындағы топтық еркін бағдарламада Қазақстан құрамасы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Команда сапында елордалық спортшылар – Әйгерім Құрманғалиева, Жаклин Якимова, Анна Павлецова, Валерия Столбунова және Ясмина Исламова өнер көрсетті.

Келесі жарыс күнінде аруларымыз акробатикалық топта да жоғары шеберлік танытып, күміс медаль иеленді. Бұл бағдарламада да жоғарыдағы құрам ел намысын қорғады.
Сонымен қатар микс-дуэттің техникалық бағдарламасында елордалық Алдияр Рамазанов пен Ясмина Исламова қола жүлдеге қол жеткізді.
Еске сала кетейік, Милан және Кортина-д'Ампеццодағы қысқы Олимпиадада бүгін 5 қазақстандық спортшы жарыс жолына шығады.