Елордада туристік жолдама сатамын деп 6 млн теңге жымқырған күдікті ұсталды

Бүгін, 11:48
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада туристік жолдама сатамын деп 6 млн теңге жымқырған күдікті ұсталды
Фото: magnific.com

Астана қаласының полицейлері туристік қызмет көрсету сылтауымен азаматтарды алдап, олардың ақшалай қаражатын иемденген күдіктіні анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 34 жастағы елорда тұрғыны өзін сенімді туристік агенттік өкілі ретінде таныстырып, азаматтарға шетелдік курорттар мен танымал демалыс орындарына қолжетімді бағамен жолдама алып беруге уәде еткен. Күдікті әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы клиенттер тауып, олардың сеніміне кірген.

Жәбірленушілермен хат алмасу барысында ол қонақүйді брондау, әуе билеттерін рәсімдеу және тур-пакетті толық ұйымдастыру үшін алдын ала төлем жасауды сұраған. Алайда қаражатты алғаннан кейін түрлі сылтаулар айтып, демалыс сапарын ұйымдастыруды кейінге қалдырып отырған. Кейіннен азаматтар өздеріне уәде етілген қызметтердің көрсетілмегенін түсініп, құқық қорғау органдарына жүгінген.

«Қазіргі уақытта анықталған эпизодтардың бірі бойынша күдікті алдау жолымен жәбірленушінің 6 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын иемденгені белгілі болды. Тергеу барысында оның осыған ұқсас бірнеше алаяқтық әрекетке қатысы болуы мүмкін екені анықталуда.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға шақырады. Туристік қызметтерді сатып алу кезінде компанияның заңды қызметін, іскерлік беделін және құжаттарын мұқият тексерген жөн. Сондай-ақ келісімшартсыз ақша аударудан бас тартып, төлемдерді тек ресми есепшоттар арқылы жүзеге асыру қажет.

Еске сала кетейік, Астанада жоғары оқу орнына түсіремін деп 8 млн теңгені иемденген күдікті ұсталды.