Елордада республикалық қолөнершілер жәрмеңкесі өтіп жатыр

Бүгін, 13:02
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елордада республикалық қолөнершілер жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Elordainfo.kz/Ришат Иркабаева

Бүгін елордадағы Astana Mall сауда-ойын сауық орталығында «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» республикалық жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Тәуелсіздік күніне орай «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» жәрмеңкесін ұйымдастырып отырмыз. Мұндағы мақсат – отандық қолөнершілердің басын қосу, олардың жасаған дүниелерін көпшілікке ұсыну, ұлттық өнердің дамуына серпін беріп, қолөнер шеберлерін қолдау және тұрғындарға ерекше этномәдени атмосфера сыйлау. Сатылымға шығарылған дүниелердің бағасы – көпшілікке қолжетімді. Сондай-ақ жәрмеңке аясында ерекше қажеттіліктері бар балалар сән көрсетілімін өткізеді. Мақсат – оларды қоғамға бейімдеу. Бүгін басталған жәрмеңке үш күнге жалғасады», - деді ҚР «Хас Шебер» отандық өнімді дамыту қауымдастығының президенті Зиуар Жұманова.

Мұнда Қарағанды, Қостанай, Қызылорда секілді облыстардан және басқа өңірлерден 100-ге жуық қолөнерші келген. Олардың біреуі ойыншық, ендібіреуі әшекей бұйымдарын елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынып отыр.

«Мен бүгінгі жәрмеңкеге Көкшетаудан келіп отырмын. Бұл іспен 5 жылдан бері айналысамын. Негізінен бұл – пандемия уақытында хоббиден басталған кәсіп. Қазақи оюлармен өрнектелген тақия тігемін, қыз-келіншектерге арналған әшекей-бұйымдар жасаумен шұғылданамын. Бастысы бұл іс маған ұнайды. Жасаған дүниелерімді әлеуметтік желі арқылы және жәрмеңкелерде сатамын», - деді Жібек Сұлтанова.

Сонымен қатар жәрмеңке барысында қыз-келіншектерге арналған қазақи киімдердің сән көрсетілімі болады.

«Мен 25 жастан 60 жасқа дейінгі әйелдерге арналған шапандар тігемін. Одан бөлек, қыз ұзату, тойға және т.б. іс-шараларға арнайы тапсырыстар қабылдаймын. Ал маталарды Еуропадан тапсырыспен алдыртамын. Бүгінгі таңда нәзік жандылар тарапынан  оюлы шапандарға сұраныс өте жоғары болып тұр. Олардың бағасы 60 мың теңге мен 200 мың теңге аралығында. Жалпы бір шапанды тігіп шығуға шамамен 1 ай уақыт кетеді», - деді этнодизайнер Алма Әбілқасымова.

Ал бүгінгі жәрмеңкеге Алматыдан келген қолөнерші Гүлбарам Мирзакасимова мектепте оқушыларға әшекей бұйымдар жасауды үйретеді.

«Мектепте 5-9 сынып аралығындағы оқушыларға көркем еңбек пәнінен сабақ беремін. Мұнда олар сырға, бойтұмар, білезіктер және т.б. жасауды үйренеді. Қазіргі кезде шәкірттерім әдемі бұйымдарды жасап, табыс та тауып жүр. Бұйымдардың дизайнын өзім жасаймын. Жалпы бұл іс баланың ой-өрісін, таным-көкжиегін кеңейтеді», - деді қолөнерші.

Жәрмеңке сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін болады.

Мұнда келушілер еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлердің қолынан шыққан бірегей бұйымдарды көріп, ұлттық өнердің жандануына куә бола алады.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін кіру -  тегін.

Бұған дейін астаналық тігінші жігіт 15 минутта бір киім тігетінін жаздық.