Бүгінде тігіншілікпен айналысатын ер-азаматтар саусақпен санарлық. Солардың бірі – астаналық Жаңаберген Айтқалиев. Ол Elordainfo.kz тілшісіне өзінің еңбек жолы, алғашқы табысы, шығармашылыққа деген ерекше қызығушылығы туралы айтып берді.

Көпбалалы отбасынан шыққан ол тігіншілікке 10 жастан бастап қызыға бастаған. Әжесі жігітке жеті өнер де аз деп, шаруаның түр-түрін үйреткен. Сөйтіп, әжесі оған қиық маталар берген. Осылайша кейіпкеріміз алғаш рет құрақ көрпе тігуді үйреніпті.

Жаңаберген Айтқалиев мектептен кейін Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінде электр дәнекерлеуші мамандығына оқуға түскен. Ал 2018 жылы әскерге шақырылады. Алайда ол сол жақта да тігін ісіне деген қабілетін дамыта бастайды.
«Әскерде формадағы погондарды тігіп жүрдім. Тігістің түзу, ұқыпты шығуына қатты мән беретінмін. Сол себепті үлкен шенділер де өздерінің киімдерін маған тапсыратын», - деді ол.

2019 жылы әскерден оралған соң, ол Ақтөбе облысы Қайыңды ауылындағы әкімшілікке жұмысқа орналасады. Мұнымен қатар 25 жастағы жігіт үйде қосымша тапсырып қабылдап жүреді. Киім жөндеу, құрақ көрпе тігу секілді жұмыстар сол кезеңде табыс көзіне айналған.

Ал 2022 жылы тігін саласында көпжылдық тәжірибесі бар Сұлушаш Сетейқызымен танысып, кәсіби ортаға қадам басады. Бүгінде ол осы ұстазының жанында жұмыс істеп жүр.
«Киім тікпестен бұрын, алдымен клиенттің өлшемін аламыз. Содан кейін қалып әзірлейміз. Матаны сол қалыпқа сай пішіп, тігеміз. Мысалы, қарапайым трикотаж күртені тігуге 15 минуттай уақыт кетеді», - деді тігінші.

Оның айтуынша, қазіргі кезде қыз-келіншектерге арналған кешкі көйлектерге тапсырыстар өте көп түседі. Бір айта кетерлігі, күнделікті тұрмыста киюге арналған киімдерді тігуге 1,5-2 сағат кетеді. Ал кешкі көйлектер мен күрделі образдар, пиджак пен шалбарды тігу 4-5 сағаттық жұмысты қажет етеді.
Жаңаберген Айтқалиев отбасының да шығармашылыққа жақын екенін айтады.
«Анам тігін мен тоқыманы жақсы меңгерген. Әкем ноқта, жүген тоқумен айналысады. Қолөнер бізде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді», - деді ол.
Ол өзінің алғашқы табысын 7-8 сыныпта тапқан. Дүкен иесінің күрткесіндегі сыдырма ілгекті ауыстырып беріп, 2 мың теңге алған.

Жас шебер классикалық стильдегі киімдерді ерекше ұнатады. Киімге тас, бисер және декоративті элементтер қосуды да шығармашылық үдерістің бір бөлігі деп санайды.
«Киім толық дайын болғанша, ойымнан шықпайды. Түнде ойға келген эскиздерді таңертең матаға түсіремін. Бұл – мен үшін сүйікті іс», - деді ол.

Кейіпкеріміз елорданың Ільяс Омаров көшесінде орналасқан ательеде еңбек етеді. Ателье басшысы Сұлушаш Сетейқызы Жаңаберген Айтқалиевтің жұмысын жоғары бағалайды.
«Біз Жаңабергенді киім тігуге бейімдедік. Көйлек, шалбар, белдемше тігуді меңгерді. Бүгінде 15 минутта бір көйлек тігіп, өз рекордын орнатты. Бастапқыда клиенттердің арасында «ер адам тігін тіге ме?» деген күмән болды. Уақыт өте Жаңаберген шеберлігімен танылып, қазір тұрақты тапсырыс берушілер оны сұрайтын деңгейге жеткен. Шәкіртімнің жетістігі мен үшін – үлкен қуаныш. Тәрбиелеген жас маманның биіктен көрінуі – еңбектің жемісі», - деді ателье жетекшісі.