Елордада кәсіподақ филиалдарының өкілдері жаңа Конституция жобасын талқылады

Бүгін, 11:24
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елордада кәсіподақ филиалдарының өкілдері жаңа Конституция жобасын талқылады
Фото: Жансая Таңырқұл

Бүгін Астанадағы Кәсіподақтар федерациясында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Астана қалалық штабы өкілдерінің қатысуымен конституциялық реформалар талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оған Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтанәлин, «Aksenger mining» ЖШС бас директоры, «Ауыл» партиясының мүшесі Ұлан Әбдіханов, Қазақстан халық партиясының белсендісі Найля Аппасова сондай-ақ,  Астана қалалық салалық кәсіподақ филиалдарының өкілдері қатысты.

«Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – елімізде жүзеге асырылып конституциялық реформалар, мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер және олардың еңбек адамына, жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарына тигізетін әсері туралы ашық әрі түсінікті пікір алмасу. Жаңа Конституциялық модельде еңбек ету құқығы, әділ еңбекақы алу, қауіпсіз еңбек жағдайы, әлеуметтік қорғалу мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде бекітіледі», - деді Ұлан Әбдіханов.

Жаңа модель бойынша бір палаталы парламент - Құрылтай құрылады. Ұлан Әбдіхановтың айтуынша, онда еңбек ұжымының мүддесін білдіретін, әлеуметтік мәселелерді көтеретін, кәсіподақ қозғалысына жақын саяси күштердің өкілдігі артады.

«Бұл – жұмысшылардың даусы заң шығару деңгейінде естіледі деген сөз. Кәсіподақтар еңбек адамы мен мемлекет арасындағы алтын көпір, әлеуметтік тұрақтылықтың тірегі, әділетті еңбек қатынастарының кепілі», - деді Ұлан Әбдіханов.

Сондай-ақ кездесуде  «Миранда ережесінің» негізгі заң деңгейінде бекітілуі айтылды. Бұл адамның өзіне қарсы куәлік бермеу, үнсіз қалу, қорғаушының көмегін пайдалану құқығын қамтамасыз етеді.

«Бүгінгі кездесу жаңа Конституция жобасына арналады. Оны халықтық Конституция деп атады. Себебі бұл құжаттің әр бабы көпшілікке  барынша түсінікті әрі жеңіл. Жаңа Конституцияға арнайы жаңа бап енгізілді. Мұнда неке ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркелген ерікті одағы екені және неке мен отбасы мемлекет қорғауында болатыны жазылған», - деді Найля Аппасова.

Еске салсақ, коалиция өкілдері Астана қаласындағы Damu Mall сауда-ойын-сауық орталығында тұрғындарға жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер мен артықшылықтарды түсіндіруге арналған ақпараттық кездесу өткізді.