Астанадағы Damu Mall-да Конституция жобасының артықшылықтары түсіндірілді

Астанадағы Damu Mall-да Конституция жобасының артықшылықтары түсіндірілді
Фото: Василий Крась

Астана қаласындағы Damu Mall сауда-ойын-сауық орталығында тұрғындарға жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер мен артықшылықтарды түсіндіруге арналған ақпараттық кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара барысында түсіндіру жұмысын жүргізген «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Астана қалалық штабының өкілдері алдағы референдумның маңызына тоқталып, конституциялық реформалардың негізгі бағытын кеңінен баяндады.

«Жаңа Конституцияға қатысты көптің көкейіндегі сұрақтың бірі – Құрылтай мәселесі. Енді Мәжіліс пен Сенаттың орнына бір палаталы парламент жасақталып, оны Құрылтай деп атау көзделіп отыр. Оның құрамында 145 депутат болады. Бұл заң қабылдау үдерісін ықшамдауға мүмкіндік береді. Бұрын заң қабылдау үшін көп уақыт қажет болса, Құрылтай арқылы бұл мәселе жедел шешіледі.

Сонымен қатар, Халық кеңесі құрылады. Оның мүмкіндіктері кеңейтіліп, халық пен ел мүддесін қорғайтын маңызды құрылымға айналады. Жаңа Конституцияда білім, мәдениет, инновация және онлайн сақтандыру құқықтарына басымдық берілген.

Ерекше назар аударылған бағыттың бірі – отбасы институты. Ер мен әйелдің құқықтары тең болады, неке міндетті түрде мемлекеттік тіркеуге алынады. Бұл отбасылық институттың қорғалуын күшейтеді. Сондай-ақ әскер қатарында қызмет еткен азаматтарға білім гранттары қарастырылған», - деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова.

Ойын-сауық орталығындағы азаматтар мен қызметкерлерге түсіндіру жұмысы жүргізілді.

«Тірлік басқа болса да, тілек бір. Біздің ортақ мақсатымыз – Ата заң жобасына саналы түрде дауыс беру. Конституция тек саясаткерлер мен заңгерлерге ғана емес, бүкіл халыққа қажет құжат. Бұл – азаматтардың мүддесін жүзеге асыратын басты заңнама.

Жаңа Конституцияда білім бірінші орынға қойылған. Жастар білімге ұмтылса, мемлекет жан-жақты қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, жеке деректердің құпиялылығына ерекше мән беріліп отыр. Бұл – Ата заң деңгейінде бекітілетін маңызды құқық.

Жаңа өзгерістер ұзақ уақыт бойы талқыланып, сараптамадан өтті. Барлығы халық мүддесіне бағытталған. Сондықтан әрбір азамат бұл бастамаға жауапкершілікпен қарап, 15 наурызда өтетін референдумда ел болашағы үшін дауыс беруі тиіс», - деді Respublica партиясы фракциясының менеджер-талдаушысы Жақсылық Киікбаев.

Іс-шара барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, Конституция жобасындағы өзгеріс бойынша толық ақпарат алды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесудің басты мақсаты – реформаның мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіру және азаматтық белсенділікті арттыру екенін атап өтті.

Еске салсақ, елордадағы балалар ауруханасында азаматтық коалиция өкілдерімен кездесу өтті.