Елордада кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды
Бүгін Астана қаласы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жиынға қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Саркенова, қалалық Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбаев, Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева, Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Гаухар Ыдышева, Психологиялық қолдау орталығының басшысы Гүлмира Қапанова, Психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Елена Полиенко және т.б. қатысты.

«Бірінші мәселе – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың және буллингтің алдын алу бойынша Астана қаласының Білім басқармасы, Полиция департаменті және Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері тыңдалды. Екінші мәселе – кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу шаралары бойынша психологиялық қауіп-қатерлерді ерте анықтау, профилактикалық жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге психологиялық және психиатриялық көмек көрсету жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар профильдік қызметтер тарапынан мемлекеттік қолдау мен әлеуметтік сүйемелдеуді қажет ететін нақты жағдайлар мен кейстер қаралды. Қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға көмек беру үшін уақтылы әрекет ету, қолдау көрсету және олардың үнін есту аса маңызды. Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – комиссия қызметінің басты басымдығы», - деді Қарлығаш Саркенова.

Отырыста кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтары мен әл-ауқатын қорғау мәселелері қаралды.
«Бүгінгі таңда елордада 500 мыңнан астам бала тұрады, балалар санының өсімі жыл сайын шамамен - 50 мың. Қазіргі уақытта бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тәуекел тобындағы балалардың бірыңғай деректер қоры қалыптастырылып жатыр. Тәуекел тобындағы балалар мен отбасыларды есепке алу үшін бірыңғай ведомствоаралық цифрлық платформа енгізілуде. Онда балалар мен отбасыларды қолдау бойынша әрбір орган мен ұйымның міндеттері көзделген. Ішкі істер органдарында есепте тұрған әрбір балаға тәлімгер бекітіледі», - деді Серік Әділбаев.
Сондай-ақ комиссияда қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева профилактикалық жұмыстар аясында 10 мобильдік топ құрылғанын айтты. Сонымен қатар Астанада полициямен бірлесіп «Түнгі қаладағы балалар» рейдін тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Комиссия отырысының қорытындысында Қасымхан Сенғазыев Білім басқармасына Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармасымен бірлесіп, ішкі істер органдарында есепте тұрған жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Еске салсақ, Астанада полиция білім нысандарындағы жағдайды 9,3 мың бейнебақылау камерасымен бақылайды.