Астанада полиция қалалық білім басқармасымен бірлесіп білім беру нысандарының бейнебақылау жүйелерін полицияның жедел басқару орталығына қосып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда орталыққа 230-дан астам қалалық білім беру мекемесінің бейнекамералары мен дабыл батырмалары қосылған.
Жалпы қалада балабақшалар, мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарында орнатылған 9 300-ден астам камера тұрақты бақылауда. Осы жоба бойынша былтыр 170-тен астам қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталды. Биыл 25 осындай дерек тіркелді.
«Оқу орындарына іргелес аумақтардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Мектептер мен балабақшалар маңындағы көше-жол желісіне тексеру жүргізіліп, жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жол белгілерінің және жарықтандыру жүйесінің жағдайы қаралады. Оқушылардың мектеп – үй бағытындағы қозғалыс маршруттары талданып, қауіпті учаскелер анықталып, оларды қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру шаралары қабылданады», делінген хабарламада.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен бопсалауға қарсы іс-қимыл, оқу орындары маңындағы ықтимал қауіпті жағдайларды анықтау және мектеп әкімшіліктері мен әлеуметтік қызметтермен өзара іс-қимыл тұрақты негізде жүргізіледі.
Еске салсақ, Астанада жылы аялдамалардағы камералар Жедел басқару орталығына қосылғанын хабарладық.