Астанада жылы аялдамалардағы камералар Жедел басқару орталығына қосылды
Елордада қалалық мүлікті бүлдіруге қарсы шаралар күшейтілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру және цифрландыру құралын енгізу аясында елордада жылы аялдамаларды бүлдіру фактісінің алдын алуға қатысты шаралар күшейтілді. Соңғы уақытта Астанада аялдама павильондарын әдейі бүлдіру оқиғалары көбейіп кетті. Әйнекті сындырып, есікті және өзге де қалалық мүлікті зақымдау жиілеп кеткен. Осыған байланысты қала әкімдігі мен елордалық полиция бейнебақылау жүйесінің мүмкіндігін кеңейту және нақты уақыт режимінде бақылауды күшейту жөнінде бірқатар шара қабылдады.
«Жылы аялдамаларда орнатылған бейнекамералар кезең-кезеңмен Астана қаласы полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылып жатыр. Бұл жаңашылдық полиция қызметкерлеріне онлайн мониторинг жүргізіп, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жүйеге негізінен Сарайшық және Алматы аудандарында орналасқан 20 аялдама павильоны қосылған. Барлық жылы аялдамалардағы бейнелерді біріктіру жұмысы ақпан айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған», - делінген хабарламада.
Жобаны іске асыру қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, қалалық мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге және вандализм үшін бұлтартпай жауапкершілік жүктеуді қалыптастыруға ықпал етеді.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада қоқыс пен қарды заңсыз төккендер жауапқа тартылғанын жаздық.