Елімізде су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны бес есе жеделдеді

Бүгін, 12:44
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елімізде су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны бес есе жеделдеді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген мемлекеттік қолдау шаралары су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптардың жыл сайынғы өсімін 150 мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес келеді. 2024 жылға дейін Қазақстанда заманауи суару жүйелерін енгізу қарқыны жылына орта есеппен 30 мың гектарды құраған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Бүгінде республика бойынша су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы аумақ 543,5 мың гектар.

Еске сала кетейік, заманауи суару жүйелерін енгізуді ынталандыру мақсатында ұңғыма бұрғылау, инфрақұрылым жүргізу және жабдық сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ суармалы суға сараланған тариф енгізілді. Алдағы үш жылда су үнемдеу жүйелерін пайдаланатын шаруалар үшін суармалы судың құнын субсидиялау көлемі 50%-дан 85%-ға дейін артады.

Бұдан бөлек, 2026-2028 жылдарға су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға бөлінетін қаражат бұған дейінгі үш жылмен салыстырғанда төрт есе көбейді.

«2030 жылға қарай су үнемдеу жүйелері қолданылатын суармалы алқап көлемін 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл технологиялар суару суын 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрлігі су қорын қорғау және пайдалану саласындағы ең үздік қолжетімді технологиялар тізімін әзірледі. Оған озық суару жүйелері де енгізілген», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бұған дейін мемлекет бөгеттер мен су қоймаларының қауіпсіздігін қалай бақылайтынын жаздық.