Елімізде инфляция жаңа тәсілмен есептеледі
Қаңтардан бастап Ұлттық статистика бюросы тұтыну бағалары индексін – инфляцияны есептеудің жаңартылған әдісін енгізеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz бюроның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Енді тек дүкендер мен интернеттегі бағаларды бақылау ғана емес, бақылау-касса машиналары арқылы тіркелген фискалдық түбіртек деректері де есепке алынады. Бұл халықтың нақты сатып алуы мен бағалары мен туралы дәлірек әрі толық ақпарат алуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
Бюроның мәлімдеуінше, бұл өзгеріс мемлекеттік статистиканы дамыту концепциясы мен ұлттық деректер экожүйесі шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Мақсат – ресми статистиканың дәлдігі, жылдамдығы және сапасын арттыру.
Фискалдық түбіртек деректерін пайдалану үшін арнайы кешенді әдістеме әзірленді. Ол ақпаратты тазалау мен өңдеуді, тауарларды автоматты түрде жіктеуді, деректерді топтауды және индексті есептеудің заманауи динамикалық тәсілін қамтиды. Әдістеме тексеруден өтіп, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан оң баға алған.
«Соңғы үш жылда түбіртектердегі тауар атауларын даярлау және жіктеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Миллиондаған тауар атаулары тазаланып, жіктелді. Бүгінде талдауда 60 миллионнан астам түбіртек деректері қолданылады. Бұл бағаларды бақылаудың ауқымын кеңейтеді және есептеулердің дәлдігін арттырады. Мұндай тәжірибені әлемде тек бірнеше ел ғана қолданады, ал Қазақстан үшін бұл маңызды қадам», – деді бюро басшысы Максат Тұрлыбаев.
Бағалардың баламалы ақпарат көздерін, оның ішінде фискалдық түбіртектерді пайдалануды Бельгия, Швеция, Швейцария және басқа да елдер кеңінен қолданып келеді. Қазақстанда бұл тәсіл деректерді жылдам алу, бағаның өзгерістерін дәлірек бақылау және статистиканың аналитикалық мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының «қызып кету» ықтималдығы жайлы болжамына Ұлттық экономика министрлігі түсініктеме берді.