Ел экономикасында «қызып кету» қаупі байқалмайды – министрлік

Бүгін, 17:42
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Ел экономикасында «қызып кету» қаупі байқалмайды – министрлік
Фото: freepik.com

Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының «қызып кету» ықтималдығы қаупін көрсететін құрылымдық өзгерістер жайлы айтқан болатын. Осыған қатысты Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазақстан экономикасының «қызып кету» ықтималдығы қаупін көрсететін Халықаралық валюта қорының бағалауы елде болып жатқан құрылымдық өзгерістерді ескере отырып, қосымша контекстті талап етеді. Негізгі макроэкономикалық көрсеткішті талдау экономиканың шамадан тыс артуда емес, дұрыс трансформация кезеңінде екендігін айқын көрсетеді. «Қызып кету» ұғымы ресурс тапшылығына әкелетін ықтимал мүмкіндіктен артық өсуді білдіреді. Қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай белгі байқалмайды», - деп жазылған министрлік таратқан ақпаратта.

2023 жылдан бастап жұмыссыздық деңгейі тұрақты, 4,6-4,7% деңгейінде тұр. Жалақының өсу қарқыны ЖІӨ динамикасынан артта қалып отыр. Бұл қызып кеткен экономикаға тән емес.

«Нақты сектордың немесе тауар өндірісінің өсуі (2025 жылы 8,7%-ға) қызмет көрсету секторының өсуінен (5,3%-ға) айтарлықтай озып кетті. «Қызып кету» кезіндегі классикалық көрініс керісінше жүріп, қызметтер мен сатылмайтын секторлар нақты секторға қарағанда тез өспек. Қазақстанда қалпына келтіру және құрылымдық өсу байқалады. Өткен жылы экономиканың 6,5%-ға өсуі және 2026 жылы жоспарланған динамика 5,0%-дан кем емес деңгейде өндірістік қуаттың нақты артуымен, өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырумен нығайтылды. Бұл ұзақмерзімдік перспективада экономиканың сапалы өсу әлеуетін қалыптастырады», - деп жазылған хабарламада.

Бұл ретте 2025 және 2026 жылдардағы экономиканың негізгі драйвері – мұнайға жатпайтын сала. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, логистика және ішкі сауда болып қала береді.

2025 жылы өңдеу 6,4%-ға өсті. Ол машина жасау өндірісінің 12,9%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың 17,5%-ға, металл бұйымын өндірудің 13,6%-ға, тамақ өнімін өндірудің 8,1%-ға, химия өнеркәсібінің 9,8%-ға, сусынның 9,7%-ға, резеңке мен пластмасса өндірісінің 7,6%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

Ортамерзімдік перспективадағы экономикалық саясатта сауда секторын дамытуға, өңдеу өнеркәсібін қолдауға, инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылады.

Тау-кен өндіру секторы, атап айтқанда мұнай-газ секторы экономика өсуінің негізгі көзі ретінде қарастырылмайды. Өңдеудегі өсу тау-кен секторындағы өсуден едәуір асып түсуі ықтимал. Өңдеуші өнеркәсіпте инвестициялық жобаларды іске асыру мен жаңа өндірістерді енгізу есебінен өсу қарқыны 2026 жылғы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін артуы мүмкін.

Экономиканы әртараптандырудың жалғасуы инвестицияны негізгі капиталға өңдеу өндірісі мен көлік-логистикалық кешеннің пайдасына қайта бөлумен қатар жүреді. Бұл экономиканы сыртқы күйзелістерге, энергия ресурсы бағасының өзгеруіне төзімді етеді. Инфляцияға келетін болсақ, өткен жылы Үкімет қабылдаған тарифтік саясатты түзету мен ӘМАТ бағасының өсуін тежеу шарасының арқасында 2025 жылғы қазаннан бастап, жылдық инфляция бәсеңдетілгені байқалды (қыркүйекте 12,9%-дан желтоқсанда 12,3%-ға дейін). 2025 жылғы ең жоғары мәндерден кейін (қыркүйекте 12,9%) инфляция жоспарлы төмендеу кезеңіне өтті. Болжам бойынша, биыл инфляция деңгейі төмендей береді. Осы жылдың соңына қарай 9-11% таргеттелетін дәлізде қалыптасады.

«Биыл маңызды дезинфляциялық фактор 2026 жылғы бюджет пен бюджеттік ережелерді, оның ішінде Ұлттық қордың трансфертін, бюджеттік шығыстың өсуі мен борыштың деңгейін қатаң сақтауға негізделген фискалдық саясат параметрі болмақ. 2026 жылғы бюджетте Ұлттық қордан нысаналы трансферт тарту көзделмеген. Кепілдендірілген трансферт 2 770 млрд теңге мөлшерінде қатаң шектелген», - деп жазылған ақпаратта.

2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетке сәйкес мұнайға жатпайтын тапшылықты 2025 жылғы 7,3%-дан биыл ЖІӨ-ге 4,9%-ға төмендету жоспарланған.

Ағымдағы динамика «қызып кетуді» емес, үдемелі құрылымдық трансформацияны көрсетеді: еліміз тек тұтынып қана қоймай, негізгі қаржылық көрсеткішті бақылап, бюджеттік тәртіптің белгіленген ережесін сақтай отырып, өз болашағына белсенді инвестиция салуда.

Еске сала кетейік, бүгін Үкіметте инвестиция тартудың жаңа тәсілдері қаралғанын жаздық.