Елде жасанды интеллект мамандарын даярлауға 12 шетелдік университет қатысады

Бүгін, 17:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елде жасанды интеллект мамандарын даярлауға 12 шетелдік университет қатысады
Фото: ortcom.kz

Цифрлық мемлекетке көшу жағдайында цифрландыру және ЖИ-ді енгізу үшін жоғары білікті кадрлар қажет. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, мәселені шешу үшін экономиканың трансформациясы кадрларды жедел даярлауды талап ететін салаларға әлемнің жетекші университеттері тартылып жатыр.

Жалпы, жасанды интеллект саласында кадрлар даярлауға 12 шетелдік жоғары оқу орны қатысады. Сеул техникалық университетімен бірлесіп Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті базасында ЖИ және информатика жоғары мектебі ашылды. Сондай-ақ Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ базасында City University of Hong Kong филиалы жасанды интеллект бойынша қос дипломды бағдарламалар іске қосылды. Бұдан басқа да бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.

«Қазақстанда үш «Лу Бань шеберханасы» құрылуда. Біріншісі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында ашылды. Екіншісі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында, үшіншісі М.Тынышпаев атындағы Логистика және көлік академиясы базасында құрылуда», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Бұған дейін спорт саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланғанын жаздық.