Спорт саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланды
Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті жасанды интеллектіні дамыту жөнінде QazAI қауымдастығымен ресми кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесуге ҚР ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев, ҚР ҰОК бас директоры Нұрлан Нөгербек, QazAI қауымдастығының төрағасы Темірлан Зиятов және төраға орынбасары Анар Төлеубаева қатысты.
Жиын барысында спорт саласына заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу мәселелері кеңінен талқыланды.
Ынтымақтастықтың алғашқы практикалық қадамдарының бірі ретінде QazAI сарапшылары Халықаралық Олимпиадалық комитеттің Olympic Solidarity бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын спорт менеджерлеріне арналған білім беру бағдарламаларына қатысады.
Атап айтқанда, Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде спорттағы жасанды интеллектіні қолдану және цифрлық трансформация тақырыбына арналған дәріс өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар тараптар ҚР ҰОК қызметін Халықаралық Олимпиадалық комитеттің жасанды интеллект саласындағы жаһандық күн тәртібімен үйлестіруге ерекше назар аударды. ХОК Олимпиадалық қозғалыстың негізгі үдерістеріне жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізіп келеді. Бұл бағыттарға спорттық деректерді талдау, басқарушылық шешімдерді қолдау, цифрлық сервистерді дамыту, спортшылардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ Olympic AI Agenda жаһандық стратегиясы мен Trustworthy AI Framework стандарттары аясында технологияларды этикалық әрі жауапты пайдалану қағидаттарын қалыптастыру кіреді.
Кездесу барысында спорттық ұйымдардың қызметін цифрландыруға бағытталған ішкі ІІ экожүйе тұжырымдамасы таныстырылды.
«Бүгінде Халықаралық Олимпиадалық комитет жасанды интеллектіні басқару тиімділігін арттыру мен спортшыларды қолдаудың маңызды құралдарының бірі ретінде қарастырып отыр.
Біз үшін бастамаларымызды ХОК тәсілдерімен үйлестіріп, спортшылар мен спорт ұйымдарының мүддесіне қызмет ететін цифрлық жүйе қалыптастыру аса маңызды», - деді Әлімжан Ақаев.
Кездесу соңында тараптар цифрлық бастамаларды бірлесе дамытуға өзара келісіп, ортақ жобаларды жүзеге асырудың алдағы қадамдарын айқындады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанға ChatGPT Edu-дың 165 мың лицензиясы тегін берілетінін жаздық.