Қазақстанға ChatGPT Edu-дың 165 мың лицензиясы тегін беріледі

Қазақстанға ChatGPT Edu-дың 165 мың лицензиясы тегін беріледі
Фото: iet.ucdavis.edu

OpenAI компаниясының OpenAI for Countries жаһандық бағдарламасы аясындағы Edu for Countries бастамасының алғашқы халықаралық тобына Қазақстан да қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Алғашқы лек қатарында Эстония, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания, Грекия бар.

Қазақстан бастама аясында білім беру саласына арналған ChatGPT Edu нұсқасын ұлттық білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізуді бастайды. 

Жоба 2025 жылғы 6 қарашада Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары барысында қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандумы аясында қол жеткізілген уағдаластық негізінде іске асырылуда. Негізгі келісім OpenAI, Inc., Freedom Holding Corp. және өңірлік серіктес Bilim Group арасында жасалды.

«Қазақстанның Edu for Countries алғашқы халықаралық тобына қосылуы Жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында жүзеге асуда. ChatGPT Edu-ды педагогтерді қолдаудың және зерттеу ортасын дамытудың практикалық құралы ретінде қарастырамыз. Бағдарлама ұлттық білім беру стандарттарын, қауіпсіздік талаптарын және тең қолжетімділік қағидатын ескере отырып іске асырылады», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Қазақстанға ChatGPT Edu-дың 165 000 лицензияны тегін беріледі.

Оның ішінде:

100 000 лицензия – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері үшін;

62 800 лицензия – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушылары мен әкімшілік қызметкерлері үшін;
2 200 лицензия – Astana Hub экожүйесінің қатысушылары үшін. 

«OpenAI-мен әріптестікті болашақтың білім беру моделін қалыптастыратын бірегей жоба ретінде қарастырамыз. ChatGPT Edu – оқытушы мен зерттеуші мүмкіндіктерін күшейтеді. Жасанды интеллект адамды алмастыратын құрал емес, сыни түсінік пен оны қолдану мәдениеті болған жағдайда ойлауды күшейтеді. Білім беру мен ғылымда ЖИ оқу материалдарын дайындауды жеделдетуге, студенттермен кері байланыс сапасын арттыруға және зерттеу қызметі үшін жаңа мүмкіндік ашуға мүмкіндік береді. Қазақстан білім беруді автоматтандыруға емес, адами әлеуетті кеңейтуге басымдық береді. Біз жасанды интеллектіні тек пайдаланатын емес, оны жасайтын мамандарды дайындаймыз», – деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

«Білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуді біз педагог рөлін күшейтудің стратегиялық қадамы ретінде қарастырамыз. Жасанды интеллект мұғалімге тән емес бірқатар міндеті өз мойнына алып, оның көмекшісіне айналады. Қазақстан үшін ЖИ-дің пассивті тұтынушыларын емес, онымен саналы, сыни және жасампаз түрде әрекеттесе алатын ұрпақты тәрбиелеу ерекше маңызды», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Ж. Сүлейменова.

Еске салсақ, елімізде дербес деректерді жаппай таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды.