Елімізде дербес деректерді жаппай таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды
Қазақстанда азаматтардың жеке деректерін қорғау бойынша қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік айыппұлдарды ұлғайту жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Азаматтардың жеке өмірге қол сұғылмаушылық және жеке ақпаратты қорғау жөніндегі конституциялық құқықтарын жүзеге асыра отырып, біз цифрлық деректердің кез келген тарапқа кетуіне және осы салада «нөлдік төзімділік» саясатына көшеміз. Осы мақсатта біз қауіпсіздік талаптарын орындамағандарға әкімшілік айыппұлдардың шегін бірнеше есе арттырып, 5000 айлық есептік көрсеткішке дейін жеткіземіз. Бұдан бөлек дербес деректер жаппай тарап кеткендіктен қылмыстық жауапкершілікті енгізуді ұсынамыз», - деп атап өтті Ростислав Коняшкин.
Сондай-ақ вице-министр цифрлық трансформация азаматтардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі керектігін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекеттік функциялар тізілімін цифрландыру жүргізіліп жатқанын жаздық.