13.11.2025
RU
Мәзір

Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Экономикалық саясаттың жаңа дәуірі: реформалар, кәсіпкерлік еркіндік және тұрақты даму моделі

|
Photo: Сұлтан Сейіт
Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Экономикалық саясаттың жаңа дәуірі: реформалар, кәсіпкерлік еркіндік және тұрақты даму моделі

|
Photo: Сұлтан Сейіт

Қазақстан экономикасы биыл серпінді өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында ішкі жалпы өнімнің өсімі 6,3 пайызға жетті. Бұл – соңғы жылдардағы ең тұрақты қарқынның бірі. Қаңтар айында өсім 3,8 пайыз болса, көктемге қарай 6 пайыздың үстіне шыққан. Мұндай нәтиже ел экономикасының бір бағытқа ғана тәуелді еместігін, түрлі салалардың қатар дамып келе жатқанын аңғартады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ertenmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Өсімнің негізгі қозғаушы күштері

Биылғы табыстың басты драйверлері көлік және қоймалау, құрылыс, сауда, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі. Көлік саласы бір жылда 21 пайызға, құрылыс 15 пайызға, сауда 9 пайызға, ал өңдеу өнеркәсібі 6 пайызға өскен.

Бұл – елдің өндірістік және тұтынушылық белсенділігі артқанын білдіреді.

Экономиканың әртараптануы мен салалардың теңгерімді дамуы тұрақтылықтың негізгі факторы болып отыр. Мысалы, жаңа зауыттар ашылып, логистика мен инфрақұрылым жобалары күшейген сайын, жеке сектордағы жұмыс орындары да көбейе түсуде.

Инвестиция тұрақтылықтың тірегі

Қазір еліміздің экономикасына салынған инвестиция көлемі де қарқынды артып келеді. Биылғы тоғыз айда негізгі капиталға салынған инвестиция 13,5 пайызға, ал өңдеу саласына бағытталған инвестиция 30 пайыздан астамға өсті.

Бұл көрсеткіш елде өндіріс мәдениеті мен технологиялық жаңарудың күшейіп жатқанын айғақтайды. Инвестиция тартудың мұндай серпіні банктердің бизнеске несие беру белсенділігінің өсуімен, ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асуымен және «Келешек мектептері», «Тарифті инвестицияға айырбастау» сияқты бағдарламалардың жүзеге асуымен тікелей байланысты.

Кәсіп ашуға мүмкіндік артты

Бүгінде Қазақстанда 2,1 миллионнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 6,4 пайызға көп. ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 38,6 пайызға, өнім шығару көлемі 18,7 триллион теңгеге жеткен.

Кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілер азайып, реттеу тетіктері жеңілдеп келеді. Соңғы жылдары бизнеске жасалатын тексерістер саны 2019 жылмен салыстырғанда шамамен екі есеге қысқарған. Мемлекеттік органдар бұрынғыдай бақылау жүргізіп қана қоймай, алдын алу шараларына көбірек көңіл бөледі.

Кәсіпкерлікті реттейтін артық ережелер де жойылып жатыр. Он мыңнан астам талаптың күші жойылды, ал жаңа қағида қабылданса, оның орнына екі ескі талап алынып тасталатын жүйе енгізілді. Бұл – бизнесті артық рәсімдерден босатып, нақты іспен айналысуға мүмкіндік береді.

Ең маңызды жаңалықтардың бірі – eGov Business мобильді қосымшасының іске қосылуы. Енді кәсіпкер салық күнтізбесін қараудан бастап электронды сертификат алуға дейінгі барлық рәсімді смартфон арқылы жасай алады.

Қаржылық қолдау және жаңа бағдарламалар

Мемлекет бизнеске арнап түрлі қаржылық қолдау тетіктерін іске қосуда. Былтыр жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар арқылы жалпы сомасы 1,3 триллион теңге болатын 26 мыңнан астам жоба қаржыландырылды.

Биылдан бастап жаңа «Өрлеу» бағдарламасы жұмыс істейді. Оның аясында кәсіпкерлер 10 жылға дейінгі мерзімге, 12,6 пайыздық мөлшерлемемен, 7 миллиард теңгеге дейін несие ала алады. Қазірдің өзінде осы бағдарлама арқылы 1 мыңнан астам жоба қаржыландырылып, шағын және орта бизнеске 392 миллиард теңге бағытталған.

Сонымен қатар жаңа кепілдік беру қорлары құрылды. Олар банктердің кәсіпкерлерге несие беру мүмкіндігін арттырады. Мәселен, бірінші қор аясында 1 600-ден астам жобаға 154 миллиард теңгеден астам кепілдік берілген.

Мемлекеттің экономикадағы үлесі азайып келеді

Ел экономикасында жеке бизнестің үлесін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Биылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, 922 миллиард теңгеден астам қаржы көлеміндегі 396 мемлекеттік нысан жекешелендіріліп, бәсекелі ортаға берілді.

Соңғы жылдары бірнеше ірі ұлттық компания — «ҚазМұнайГаз», KEGOC, «Эйр Астана» акцияларын IPO/SPO арқылы халыққа ұсынды. Бұл ашықтықты күшейтіп қана қоймай, қарапайым азаматтарға инвестиция салуға жол ашты.

Жекешелендіру мен демонополизацияның негізгі мақсаты – бәсекелес ортаны дамыту және жеке бизнестің үлесін арттыру. Осы бағыттағы жұмыстар үш кезеңмен 2030 жылға дейін жалғасады.

Мемлекеттік сатып алу жүйесі жаңарды

2025 жылдың басынан бастап жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң қолданысқа енгізілді. Енді тендер өткізу мерзімі үш есеге қысқарып, бұрын бір айға созылатын рәсімдер 10 жұмыс күнінде аяқталады.

Қоғамдық мониторинг жүйесі енгізіліп, жеткізушілердің жауапкершілігі күшейді. Сонымен қатар отандық өндірушілерге айрықша басымдық берілді. Яғни оларға 30 пайыз көлемінде аванс төленеді, кепілдік талаптары жеңілдетілген, айыппұл мөлшері азайтылған.

Биылғы тоғыз айда мемлекеттік сатып алу көлемі 9,4 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде отандық өндірушілермен жасалған келісімшарттар көлемі 400 миллиард теңгеге жуық.

Инвестиция тарту басты бағыт

Еліміз 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді 450 миллиард долларға, ал шетелден тартылатын инвестиция көлемін 150 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр.

Инвесторлар үшін жаңа жеңілдіктер мен қолдау тетіктері енгізілді. Олардың қатарында салықтық және кедендік преференциялар, инфрақұрылым тарту, цифрлық инвестициялық платформа және Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері бар.

Өткен жылы Қазақстанға 17,2 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Елде 45 жаңа жоба іске қосылып, 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Инвестиция негізінен тау-кен, өңдеу, сауда және ғылыми-техникалық қызмет салаларына бағытталған. Ал негізгі серіктестер қатарында Ресей, Нидерланд, Корея, Бельгия және Қытай бар.

Салық пен бюджет саясаты жаңарады

2025 жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Енді әлеуметтік сала мен ауыл шаруашылығына салық жеңілдетіледі, табысы жоғары азаматтарға прогрессивті шкала енгізіледі. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметке қосылған құн салығы төмендетіліп, кітап шығару саласы ҚҚС-тан босатылады.

Бюджет жүйесінде де айтарлықтай өзгерістер бар. Жаңа Бюджет кодексі фискалдық және ақша-кредит саясатын үйлестіріп, Ұлттық қор қаражатын мақсатты пайдалану тетігін күшейтеді. Енді қордан тек жалпыұлттық маңызы бар ірі жобалар ғана қаржыландырылады.

Мемлекеттік борыш көлемі де бақылауда болады: Үкіметтің міндеті – мемлекеттік қарызды жалпы ішкі өнімнің 32 пайызынан асырмау.

Өсім нәтижесі халық өмірінен көрінеді

Бұл реформалар мен көрсеткіштер жай есеп қана емес. Олардың барлығы ел өміріне тікелей әсер етеді.

Жаңа зауыттар мен құрылыстар – жаңа жұмыс орындары; бизнеске жеңілдік – тұрақты табыс көзі; салық пен бюджет тәртібі – бағаның тұрақтылығы мен инфляцияның тежелуі.

Қысқасы, бүгінгі экономикалық саясаттың түпкі мақсаты – халықтың өмір сапасын жақсарту. Тұрақты табыс, сенімді жұмыс, сапалы инфрақұрылым мен әлеуметтік әділдік – міне, қазіргі өсімнің басты нәтижесі осы.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗