Қазақстандық теннисші Денис Евсеев Исламабад (Пәкістан) челленджер турнирін сәтті бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазақстандық спортшы жұптық сында чехиялық Доминик Паланмен бірге алғашқы айналымда аустралиялық Лоуренс Батальин – италиялық Леонардо Бореллиден айласын асырды.
Бірінші партияда 7:5 есебі тіркелсе, екінші сетте де қазақстандық-чехиялық жұп есесін жіберген жоқ – 6:3.
Небәрі 58 минутқа созылған бәсекеде Евсеев – Палан 2 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Батальин – Борелли 5 эйспен көзге түсті.
Денис Евсеев – Доминик Палан жартылай финалға шығу үшін болгариялық Динко Динев – аустриялық Маттиас Уйварумен таласады.
Әлемнің 401-ракеткасы Денис Евсеев жекелей сында да бастапқы кездесуін жеңіспен түйіндеді. Ол рейтингіде 1151-орында тұрған ресейлік Иван Грецкийді 1 сағат 33 минутта 7:6 (9:7), 6:3 есебімен ұтты.
Денис Евсеев жекелей сында екінші айналымда пәкістандық Музаммил Муртазамен кездеседі. Оны ұтса, ширек финалға өтеді.