Цифрландыру су ресурстарын бөлуде объективтілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді – министрлік

Бүгін, 11:42
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Цифрландыру су ресурстарын бөлуде объективтілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді – министрлік
Фото: freepik.com

Үкімет отырысында ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су саласын цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Ол қазіргі таңда елімізде салаға цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған кешенді жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Осы жылдың басынан бастап министрлік фермерлермен су беру жөніндегі шарттарды электронды форматта жасасуға көшу жұмыстарын жүзеге асыруда. Аталған жүйе шаруаларды сумен қамтамасыз етудің толық циклін, су алуға өтінім беруден бастап шарт жасасу, нақты су тұтынуды дәл есепке алу және кейінгі төлем жүргізуге дейінгі барлық үдерістерді қамтиды.

«Жүйені енгізу деректердегі айырмашылықтарды болдырмауға, әкімшілік үдерістерді оңтайландыруға, адами фактордың әсерін барынша азайтуға, сондай-ақ су ресурстарын бөлу мен су пайдаланғаны үшін есеп айырысулардың объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Нұржан Нұржігітов.

Бұған дейін елімізде суды қайталама және айналымды пайдалану үлесі екі еседен астамға ұлғайтылатынын жаздық.