Бір аптада мас күйде көлік жүргізген жүздеген жүргізуші анықталды - ІІМ

Бүгін, 10:23
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Бір аптада мас күйде көлік жүргізген жүздеген жүргізуші анықталды - ІІМ
фото: Оңалхан Өнерхан

Бір апта ішінде полиция қызметкерлері «ізін суытпай» бір адам өлтіру қылмысын, адам өліміне әкеп соққан үш ауыр қылмысты, 11 тонау, 218 ұрлық, сондай-ақ жеті мал және сегіз автокөлік ұрлығын ашты. Жол жүрісі қағидалары 10 мыңға жуық жағдайда бұзылып, оның ішінде көлік құралын мас күйде басқарудың 201 фактісі анықталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Осындай жағдайлардың бірі түнгі уақытта Үштөбе қаласында болған. Полиция қызметкерлері Toyota Marino автокөлігін тоқтатқан. Рөлде 34 жастағы мас күйдегі ер адам отырған. Сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды.

Дрифт жасап, өрескел заң бұзатындар да назардан тыс қалмады. Бір апта ішінде мұндай фактілер Астана, Қостанай және Шымкент қалаларында анықталып, жолы кесілді.

Елордада екі жас жүргізуші Шәмші Қалдаяқов көшесінде дрифт ұйымдастырған. Екеуі де 10 тәулікке қамауға алынды. Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды. 

Қостанайда дрифт жасау фактісі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Жүргізушінің жеке басы жедел түрде анықталды. Оның жыл басынан бері жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін 16 рет жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Бұл жолы сот оған 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады. 

Шымкентте 18 жастағы Mercedes-Benz жүргізушісі дрифт жасап, түнгі уақытта тыныштықты бұзған. Ол да 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. 

Ал 21 қыркүйектен бері республика бойынша 13 мыңнан астам заңсыз жазу мен граффити жойылды. Алты мыңнан астам әкімшілік іс қозғалды. Ең ауыр төрт факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оның біреуі - вандализм үшін, үшеуі - есірткі жарнамасына қатысты.

Еске салайық, бұған дейін елордада мас күйде көлік жүргізген мыңға жуық жүргізуші жауапқа тартылғаны туралы жаздық.