Бибігүл Жексенбай мәдениет саласында Үкімет деңгейінде бірқатар институционалдық шешімді қарастыруды ұсынды

Бибігүл Жексенбай мәдениет саласында Үкімет деңгейінде бірқатар институционалдық шешімді қарастыруды ұсынды
Фото: akorda.kz

Сенат отырысында Бибігүл Жексенбай мәдениет пен өнер саласын дамытуға қатысты мәселелер көтерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатор Астана қаласындағы мәдениет ұйымдарының ұжымдарымен кездескенін жеткізді. Онда кадрлық әлеует, техникалық жағдай және сала қызметкерлерінің әлеуметтік қорғау мәселелері көтерілген.

Депутат саланың стратегиялық маңызына қарамастан, заманауи мамандықтар мен техникалық стандарттарды енгізуден бастап, инклюзия және жекелеген шығармашылық мамандық иелеріне арналған әлеуметтік кепілдіктерге дейінгі бірқатар бағыт институционалдық деңгейде жеткілікті реттелмей отырғанына қынжылыс білдірді.

«Мемлекет басшысы V Ұлттық құрылтайда өнер мен мәдениет ұлттың рухани коды екенін, ал мемлекеттің өркениеттілік деңгейі оның мәдениетке деген көзқарасымен айқындалатынын атап өтті. Осыған байланысты мәдениет саласын қосалқы бағыт емес, орнықты мемлекеттік дамудың өзегі ретінде қарастыру қажет. Сала өкілдерімен кездесулерде бірқатар мәселе анықталды. Қазіргі уақытта мәдениет саласында цифрлық контент продюсерлері, сахналық цифрлық технологиялар инженерлері, инклюзивті мәдениет мамандары, мәдени деректер талдаушылары сияқты жаңа заманауи мамандықтар заңнамалық деңгейде бекітілмеген», - деді Бибігүл Жексенбай.

Сенатор мүгедектігі бар азаматтардың өнерге қатысуы, инклюзивті театрлар мен шығармашылық студияларды дамыту ісі жүйелі мемлекеттік саясатпен және тұрақты қаржыландырумен қамтамасыз етілмегенін жеткізді. Елімізде балет және цирк өнерінің өкілдері әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан қорғалмаған күйде қалып отыр. Сондай-ақ дирижерлердің құқықтық мәртебесі, әлеуметтік кепілдіктері мен кәсіби даму мәселелері де толық реттелмеген.

Осыған байланысты депутат Үкімет деңгейінде бірқатар институционалдық шешімдерді қарастыруды ұсынды. Оның ішінде заманауи мәдени және цифрлық мамандықтарды заңнамалық тұрғыда бекіту, дирижерлер үшін құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер орнату, мәдениет ұйымдарына арналған ең төменгі ұлттық техникалық стандарттарды енгізу бар. Сондай-ақ тұрақты қаржыландыру негізінде инклюзивті мәдени ортаны дамыту, балет және цирк өнерінің өкілдері үшін арнайы әлеуметтік қорғау шараларын қабылдау мен оларды кәсіби қайта даярлау мәселелері де ұсыныстар қатарына енді.

Еске сала кетсек, мамыр айында Астана және Алматы қалаларында әлемдік жұлдыздардың қатысуымен ауқымды концерт өткізіледі.