Мамыр айында Астана мен Алматыда әлемдік жұлдыздардың қатысуымен ірі концерт өткізіледі
Астанада Solana City жобасын іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мамыр айында Астана және Алматы қалаларында әлемдік жұлдыздардың қатысуымен ірі концерт өткізіледі. Сахнада Flo Rida, Nicole Scherzinger, Tugay, Busta Rhymes, Timbaland, Keri Hilson өнер көрсетеді және тағы бір танымал жұлдыздың есімі кейін жарияланады.
«Kazakh Tourism туроператорлардың қатысуымен пакеттелген туристік ұсыныстарды әзірлеу үшін штаб құрады. Бұл шетелдік және өңірлерден келетін қонақтарға концертті экскурсия, туристік локациялармен қоса тамашалауға мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе өз тиімділігін дәлелдеп отыр өткен жылы ол сәтті қолданылды», - деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.
Шараға басқа қалалардан шамамен 30 мың көрермен келеді деп жоспарланып отыр. Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және Ресей азаматтары бұл концерттерге билет сатып алып үлгерді.
«Solana City жобасы бір аумақта халықаралық деңгейдегі іс-шараларды біріктіреді. Фестивальдер мен концерттерден басқа уақытта туристік қала ел тұрғындары мен қонақтары үшін жыл бойы қызмет етеді. Жоба аясында этноауыл, кемпинг, глэмпинг, гастрономиялық кеңістіктер, қолөнер аймақтары және арт-инсталляцияларды орнату жоспарланған. Жоба аясында 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады», - деп атап өтті «Solana» компаниясының басшысы Жанар Байғозина.
Еске сала кетсек, Астанада биылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.