Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мәскеу қаласында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер делегацияларының басшыларымен ұжымдық кездесуіне, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше елдердің үкіметтері басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ресей Президенті Владимир Путинмен ұжымдық кездесу барысында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. ШЫҰ елдерінің жаһандық экономикаға қосқан үлесі Ұйым қызметінің жылдарында 2 еседен астам өсті және бүгінгі таңда 30%-дан асады. Қазақстанның ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен тауар айналымы өткен жылдың өзінде $67 млрд-тан асты.
ШЫҰ елдері үкіметтерінің басшылары кеңесінің жұмысына Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Реза Ареф, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары кеңесінің төрағасы Михаил Мишустин, Тәжікстан Республикасының Премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Пәкістан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мухаммад Исхак Дар, Үндістан Республикасының сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар, ШЫҰ жанындағы бақылаушы мемлекеттерден Моңғолия Премьер-министрі Гомбожавын Занданшатар қатысты. Сондай-ақ диалог бойынша серіктес елдер өкілдері, солардың бірі Қатар мемлекетінің Премьер-министрі – сыртқы істер министрі Мохаммед бин Абдулрахман әл Тәни және АӨСШК, ТМД, ЕАЭО сияқты басқа да халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.
Шағын құрамдағы отырысқа қатысушылар күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. ШЫҰ Тяньцзинь саммитінің (биылғы 31 тамыз – 1 қыркүйек) қорытындылары бойынша мемлекеттер басшыларының қол жеткізген уағдаластықтарын ескере отырып, Ұйым қызметін одан әрі жетілдіре түсуге назар аударылды.
Кеңейтілген құрамда сауда-экономикалық ынтымақтастық, қаржы секторы, көлік және логистика, цифрлық сала және ЖИ, су ресурстары, экология және тағы да басқа салалардағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тяньцзинь саммитінде ШЫҰ-ның еркін және әділ халықаралық сауданы дамытуға бағытталған іс жүзіндегі қадамдарын қолдады. Бүгінгі таңда ШЫҰ елдері жаһандық ЖІӨ-нің үштен бірін қамтамасыз етіп отыр, біздің өзара ішкі саудамыз $1 трлн-ға жуық. Елеулі экономикалық әлеуетке ие ұйым тең серіктестік негізінде жан-жақты экономикалық өсуге ұмтылады. Бұл тұрғыда болжамды сауданы ынталандыру үшін қолда бар ресурстарды дамыта отырып, прагматикалық тұрғыда пайдалану маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жиында көлік-транзиттік ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударылды. Қазақстан Еуразияның негізгі хабтарының бірі ретінде теміржол, автожол, авиация және порт инфрақұрылымын жаңғырту арқылы транзиттік қуатын қарқынды түрде арттыруда. Еліміздің үстімен 5 теміржол дәлізі өтеді. Жалпы, соңғы 5 жылда Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 2 есеге жуық артып, өткен жылдың қорытындысы бойынша 27,5 млн тоннаға жеткен.
ШЫҰ елдері жүзеге асырып жатқан «Бір белдеу, бір жол» жобасын Қазақстанның негізгі көлік дәліздерімен үндестіру мультипликативті әсер береді әрі өнеркәсіп кооперациясын дамыту және бүкіл өңірдің интеграциялық процестерін нығайту үшін орнықты негіз болады. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, осы бастама шеңберінде жобаларды табысты жүзеге асыру әлемдік сауданың жыл сайын 6%-ға дейін өсуін қамтамасыз етіп отыр.
Жаһандық цифрландыру жағдайында ШЫҰ ЖИ дамуындағы көшбасшыға айналуда. Осыған байланысты жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды, бұл Қазақстанның цифрлық ел болу мақсатына сәйкес келеді.
Өнеркәсіп кооперациясы шеңберінде ШЫҰ Даму банкін құру және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетігін енгізу маңызды қадам болмақ. Бұл бағытта Қазақстан «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға дайын.
Сондай-ақ экология, су ресурстары саласындағы бірлескен іс-шараларға, мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылға және басқа да бағыттарға назар аударылды.
Делегация басшылары өңірдегі тұрақтылықты нығайту және жаһандық экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендіктерін растады.
ШЫҰ ҮБК отырысының қорытындысы бойынша көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік қатынасы, әлеуметтік даму, қорғаныс және тағы да басқа салаларда бірқатар құжатқа қол қойылды.