Бас прокуратура қоғамда алауыздық туғызатын мәлімдемелерге жол бермеуге шақырды

Бас прокуратура қоғамда алауыздық туғызатын мәлімдемелерге жол бермеуге шақырды
Фото: Бас прокуратура

ҚР Бас прокуратурасы азаматтардың пікір білдіру кезінде, оның ішінде онлайн платформаларда және өзге де жария ақпарат алаңдарында заңнаманы қатаң сақтау қажеттігіне назар аударды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәлімдеуінше, жекелеген тұлғаның ұлттық дәстүрге, әдет-ғұрыпқа және тек елімізде ғана емес, оның шегінен тыс жерлерде де көп ғасырлық тарихы бар Наурыз мейрамын атап өтуге қатысты теріс пікірді жария түрде таратқан жағдайы тіркелген. Олар мұндай пікірін дәстүр ер мен әдет-ғұрыптың өздерінің жалған діни догмалармен үйлеспейтіні туралы бұрмаланған тұжырымдарымен сүйемелдеген.

«Мұндай мәлімдемелер Қазақстанның өзін зайырлы мемлекет ретінде айқындайтын Конституциясының қағидаларына қайшы келіп қана қоймай, сондай-ақ елдегі қоғамдық келісімге, оның ішінде ұлтаралық және дінаралық татулыққа зиян келтіруі мүмкін, сондай-ақ ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптардың беделін түсіреді», делінген хабарламада.

Бас прокуратура журналистердің, блогерлердің және ақпарат алаңы иелерінің жауапкершілігіне ерекше назар аударды.

«Осындай жалған діни көзқарастарды насихаттайтын тұлғаларға көпшілік алдында сөз беру арқылы олар шын мәнінде жалған әрі арандатушылық сипаттағы мәлімдемесінің таралуына ықпал етеді, қоғам санасына теріс әсерін күшейтеді, гендерлік теңсіздікті насихаттап, әйелдердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайды», делінген хабарламада.

Ведомство масс-медиа өкілдеріне кәсіби этика қағидаларын, объективтілікті сақтауға және қоғамдық келісімді бұзуы мүмкін идеяларды насихаттауға өз платформаларын пайдалануға жол бермеуге шақырды. 

«Осыған орай қоғамдық тәртіпке және азаматтардың құқықтарына әсер етуі мүмкін көрінеу жалған ақпаратты тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғатынын түсіндіреміз. 
Сонымен қатар, ұлттық, діни немесе өзге де леуметтік алауыздықты қоздыруға бағытталған жария мәлімдемелер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының қолданысына жатады және ауыр қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ мұндай әрекеттер діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу ретінде саралануы мүмкін, бұл үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген. 

Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарды мәдени және ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға, қоғамда алауыздық пен жанжал туғызуы мүмкін мәлімдемелерге жол бермеуге шақырады.

Еске сала кетсек, бұған дейін қаржы пирамидасын ұйымдастырған қазақстандықтың Грузиядан экстрадицияланғанын хабарладық.