Ұланбатырдағы жеңіс: Рябец - Азия чемпионы атанды, Сейдіш – күміс жүлдегер
Қазақстан құрамасының боксшысы Надежда Рябец Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында өткен Азия чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық Олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Құрлықтық біріншілікте Рябец 80 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғады. Финалда ол Өзбекстан спортшысы Рухшона Парпиевамен кездесті.
Надежда бірінші раундта 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Екінші раундта да ол қарсыласынан белсендірек, дәл соққыларымен басым түсті. Нәтижесінде қазақстандық боксшы төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Осылайша, Надежда Рябец Қазақстан құрамасына 2026 жылғы Азия чемпионатындағы алғашқы алтын медальді сыйлады.

Ал 70 келіге дейінгі салмақтағы Бақыт Сейдіш Азия чемпионатын күміс медальмен аяқтады. Финалда оның қарсыласы үндістандық Арундхати Чаудхари болды.
Бірінші раундта қазақстандық боксшы 3:2 есебімен жеңіске жетсе, екінші раундта Чаудхари есеп бойынша алға шықты. Жекпе-жектің тағдыры үшінші раундта шешілді.
Нәтижесінде қарсыласы 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Еске салсақ, ел құрамасының 8 боксшысы Азия чемпионатының финалында алтын жүлде үшін күресетінін жаздық.